Фотосессияға не киемін?

Фотосессияға не киемін?
Фото: lady.gazeta.kz, Айдаһар студиясы

Модельдер түсірілім алдында, жалпы көп жағдайда «Не киемін?» деген сауалды жиі қояды. Осы сұрақ төңірегінде сөз қозғайық.

Ең алдымен фототүсірілім қай жерде өтетініне баса назар аударамыз: ашық алаңқайда (саябақ, орман, көше) не студияда. Киім таңдауымыз осыған байланысты болмақ. Егер киім ауыстыратын мүмкіндік болмаса, бейтарап, біртүсті киініңіз, бірақ әртүрлі әшекей бұйымдарын алуға болады. Олар сізге әртүрлілік және тұлғалық түр сыйлайды. Егер фотосессия қыста не күзде болса, мойын орағыш пен орамалдардың бірнеше түрін кезектестіріп тағып көріңіз.

Басты міндет – түсірілім орны мен киім түсінің үйлесімділігін беретін образ жасауға ұмтылу. Бірақ фон мен киімдегі екі түс араласып кетпеуіне де ден қойған ләзім. Фотосурет неғұрлым ашық түстерден құралса, соғұрлым көз тартарлық болады.

Костюм әлде фрак. Классикалық бұйымдар әрдайым тартымды көрінеді. Пенжак, шалбар, сағат секілді нәрселер іскерлік образ жасауда көмекке келеді. Жас қыздардың жейдемен фотосессия жасауы көңілділік, ойнақылық береді, оған галстук қосуға болады не галстукты байламай-ақ, жай босатып тағып қойсақ та қателікке ұрынбаймыз. Ал биік өкшелі туфли мен қалпақ қыз баласына тәуелсіздік пен өзіне деген жоғары сенімділік ұялатады.

Кешкілік жасану. Меніңше, ең жақсы образ. Қыз бала көйлекпен студияда да, табиғат аясында да керемет көрінеді. Күнделікті киім киген тобыр арасында кешке арналған әдемі көйлекпен түскен суретіңіз назарды бірден өзіне аудартады.

Аксессуарлар. Мұнда қатып қалған қағида жоқ. Қажет деп тапқан барлық бұйымдарды өзіңізбен бірге алып жүріңіз. Шляпа, көзілдірік, білезік, алқа, түрлі-түсті шаш қыстырғыштар, түйреуіштер. Қандай жағдай болса да не керек, не керек емес екенін фотограф өзі ескертетін болады.

Түс – фотосессиядағы ең маңызды элементтердің бірі. Сондықтан оған байыппен қарау керек. Бірақ оған тым табынып кетпеңіз, суретке түсетін сіздің гардеробыңыз емес, сіз екенін естен шығармаңыз.

Мүмкіндігінше мына кеңестерді қаперіңізде ұстаңыз:

Қою түстерді қолданбауға тырысыңыз – ол көңілсіз әрі адамды зеріктіреді.

Мойыны бар киімдер кимеңіз – ол сіздегі бардың бәрін жауып тастайды.

Күнделікті киетін киім де қажетке алғысыз. Фотография – өнер. Ал үй халатымен не тозығы жеткен джинсымен суретке түскеніңіз мүлдем үйлеспес еді.

Егер фотографтар кеңесіне құлақ асатын болсаңыз, үш түстен артық әр түрлі түсті киім кимеңіз. Ал егер ол тым ашық түстер болса, әңгіме басқа.

Егер сымбатыңыз келісті болса, қапшық секілді киімдерден үзілді-кесілді бас тартыңыз.

Егер құрбыңызбен не сүйіктіңізбен бірге, тұтас ұжыммен бірігіп фотосессия жасауды ойға алсаңыздар, киім түстерінің үйлесуін қадағалаңыз. Ал үйлеспейтін болса, ақ-қара түсті фото шығаруға да болады.

Бұл кеңестер сіздің ісіңізді қиындату үшін емес, қазіргі қалпыңызды одан да жақсарта түсу мақсатында беріліп отыр. Үйлесімділік барлық жерде де болғаны жөн. «Осы да жетеді» деген деңгейде қалып қоймай, барлығымыз да жақсыға ұмтылайық. Фотосессияға киім таңдау шешіміне сәттілік тілейміз!

@. @assel_assanova