Жазғы сән: Pyjamas стилі

Жазғы сән: Pyjamas стилі
Фото: vogue.com

Pyjamas стилін алғаш рет 1995 жылы Джанни Версаче сән әлеміне әкелді. Содан бері өзге стильдермен бірге бұл да қолданыстағы киімдердің қатарына еніп үлгерді. Сондықтан қазір Tommy Hilfiger,Antonio MarrasCalvin Klein CollectionHermesStella McCartney, Jonathan Saunders cекілді дизайнерлер Pyjamas стиліне қатты көңіл бөліп отыр.

Pyjamas стиліндегі киімдер қандай болады?

Pyjamas – ағылшынның пижама, яғни, «үй киімі» деген сөзінен шыққан. Шынында да Pyjamas стилінің киімдері кәдімгі үй киімдеріне, түнгі көйлектерге ұқсайды. Pyjamas киімдері жібектен, атлас, лайкра, мақта матасынан тігілгендіктен, жазда киюге өте ыңғайлы. Олардың тағы бір ерекшелігі – кең пішілгендіктен, денені қыспайды.

Аталған стильдің киімдері жазда көшеде қыдырғанда, жағажайда, қонаққа барғанда, тіпті мерекелерік шараларға кигенге лайық. Алайда жұмыс орнына, кеңсеге, университетке киюге ыңғайсыз, бірақ, іш көйлек секілді топтарды киіп, кейбір студенттердің оқуға бара беретінін көріп жүрміз...

Pyjamas стилін таңдағанда үй киімімен шатастырып алып, күлкіге қалып жүрмесеңіз болғаны. Себебі бұл стильді сәнді терең түсінетін, талғамы жоғары жандар ғана үлкен шеберлікпен үйлестіріп кие алады. Тіпті сән әлемінде арғымақтай жүйткитін жұлдыздардың өздерінің де кейде масқарасы шығып жататыныны жасырын емес.

Сондықтан киімдерді үйлестіргенде абай болғаныңыз жөн. Мысалы, кең шалбарды классикалық үлгідегі жейдемен не топпен киген жарасымды көрінеді. Ал ішкөйлекке ұқсайтын шілтері бар Pyjamas көйлек тым қарапайым көрінбес үшін біз өкше туфлимен кигеніңіз жөн. Сондай-ақ кең жейдені, «алкоголичка» майканы скинни джинспен, қарындаш белдемшемен киген дұрыс. 

Көйлек-кимоно да Pyjamas стиліне жатады. Оның қысқа не ұзын түрін өзіңіздің бойыңыз бен дене сымбатыңызға қарай таңдай аласыз.

Талдырмаш денелі бойжеткендерге кең пішілген шорт өте жақсы жарасады. Мұндай жағдайда бойфренд жейде, аласа өкшелі гладиатор сандалын кигеніңіз жөн. Дәл осы қалыпта қолыңызға шоппер сөмкені алып, жағажайға да аттана аласыз. Келген соң аяғыңызға сөмкеңіздегі «вьетнам» сандалын киіп алуды ұмытпаңыз. 

Ф. Абилова