Оқу бітіру кешіне көйлекті қалай таңдаймыз?

Оқу бітіру кешіне көйлекті қалай таңдаймыз?

Мектеп бітіру кеші қыз баласының жадында мәңгілік сақталады. Күн өткен сайын дайындыққа уақыт аз қалатындықтан, бітіруші қыздардың жүрегі лүпілдейді. Арада екі ай өтсе болғаны, ҰБТ артта қалып, бітіру кеші де келіп жетеді...

Сүрме, шаш үлгісі, аксессуарлар, көйлек – барлығы да хан қызынікіндей мінсіз болуы тиіс. Әсіресе соңғысына көбірек назар аударуымыз керек. Біріміз көйлекті алдын ала сатып алсақ, екіншіміз ҰБТ–ның аяқталуын күтеміз. ҰБТ-ны сәтсіз тапсырсақ, бітіру кешіне бармаймыз деп ойлаймыз. Мұндай сезім барлығымыздың да басымыздан өткен. Біз де оқушы болған кезімізде «Тестілеудің нәтижесі қалай болар екен?», «Грантқа ие боламын ба?», «Көйлекке бола әке–шешем шығындалып, мен олардың үмітін ақтай алмай қалсам ше?» сынды сауалдардың жетегінде жүрдік. Есіңізде болсын! Өмірімізде бір–ақ рет қана болатын сәттерді жіберіп алмауымыз керек. Мысалы, ақ көйлекті ұзатуда бір, тойда тағы бір кисек, мектеп бітіру кешіне еш уақытта қайтадан бара алмаймыз. Сол себепті таңдау жасау кезінде барынша мұқият болыңыз. Олай болса, 2015 жылы қандай көйлектер сәнде болады? Кең етекті ме? Әлде футляр іспетпес пе? Түсі ше? Кезекті материалымызда осы мәселелерге тоқталайық.

©Анна Мазур

Сән әлемі не ұсынады?

Дизайнерлер биыл қиялға барынша ерік беруге кеңес береді. Десе де етегі еденге дейін төгіліп тұратын көйлектердің кез келген қызға жарасатындығын айтады. Себебі мұндай көйлекті қыз баласы кез келген атаулы күнде кие алмайды.

2015 жылы ауыр мата мен күрделі фасондар туралы ұмытқанымыз жөн. Шынайы, сүйкімді болып көріну үшін, жібектей нәзік маталарды таңдауымызға болады.

©Анна Мазур

©Анна Мазур

Нәзіктігіңізді айқындай түсетін көйлектерді қарапайым, көлемі кішкене аксессуарлармен толықтырғаныңыз жөн. Пішімі қарапайым көйлек үшін бұдан артығы болмайды. Мұнымен қатар, грек стиліндегі көйлектерді ерекше атап өтуіміз керек. Олар жыл сайын сұранысқа ие болып, дизайнерлер тұтынушылардың талабын орындауға асығуда.

Биылғы сән – қарапайымдылық. Мойын тұсы кең ойылған және етегі жырылған көйлек – талғамсыздықтың белгісі. Бұл менің ғана емес, әлемдік дизайнерлердің де пікірі.

Көйлекті мүсініңізге сай етіп таңдаңыз. Әдетте сәнге еліктейміз деп өзімізге ғана тән индивидуалдық қасиеттерімізді, тәніміздің артықшылықтары мен кемшіліктерін ескермейміз. Осының салдарынан айналамыздағыларға күлкілі болып көрінеміз. Олай болса, комплекстердің барлығын шетке ысырып, кез келген көйлектің өзіңізге жарасатын түрін таңдауыңызға болатындығын біліңіз. Бітіру кешіне дейін бірнеше келіге арықтап үлгермедім деп жарқын түсті киімдерден бас тартпаңыз.

©Ольга Орлова

©Юлия Королева

Есіңізде болсын! Көйлек кемшіліктеріңізді жасырып, мүсініңіздің артықшылықтарын айқындап тұруы тиіс. Ол үшін төмендегі бірнеше ережені ескеріңіз.

1. Аяғы толық қыздар тізеден төмен немесе етегі еденге дейін жететін көйлектер таңдағаны дұрыс.

2. Мүсініңіздің мінсіз екеніне күмәніңіз бар ма? Олай болса, сүйреткісі бар, бірнеше қабаттан құралған көйлектен бас тартыңыз.

3. Жырық мәселесінде де өте абай болуымыз керек. Арық қыздардың көйлегінің жырығы қырынан болса, сырт көзге әсерлі көрінеді. Алайда мұндай көйлектер ұяң да инабатты қазақ қыздарына жараса бермейді. Ал толық қыздар көйлегінің етегінің жырығы тізеге дейін ғана жеткені жөн.

4. Футляр көйлек артық салмақты қыздарға жақсы жарасады. Ол кемшіліктерді жасырғанмен, мүсініміздің артықшылықтарын айқындай түсуді ұмытпайды.

5. Ал тым арық қыздар орташа ұзындықтағы коктейль көйлекті таңдағандары жөн.

6. Талғамға талас жоқ. Әлемдік дизайнерлер не десе де, түсі мен үлгісіне келген кезде, таңдау еркі өзіңізде. Қызыл, қара, ақ түстер – жанрдың классикасы. Десе де сәнді, жарқын түстерді таңдауды ұмытпаңыз.

 

©Болат Срымов

Көйлектің түсі қандай болғаны жөн?

Жасыл ақық (аквамарин). Бұл түс еркіндік пен жеңілдікті өзара селбестіреді. Теңіздің самал желін еске түсіріп, көңілді жайландырады.

Көгілдір. Ақ әрі көк түсті аксессуарлармен үйлесетін бұл түс көктем-жаз маусымдарының «шыңы» десек те болады. Қыз баланың мінезіне еркелікті балап, образына күн шуағындай жарқындық сыйлайды.

Көк. Классикалық жұпыны түс арық әрі толық қыздарға да қатар жарасады. Қымбат көрініп, байсалды қыздың образын қалыптастыруға көмектеседі.

Ақшыл сары. Дизайнерлер көрсетілім барысында аталған пастельді түсті жиі таңдайды. Аталған түсті қалай пайдалансаңыз да, тұрпайы, талғамсыз көрінуден сақ боласыз.

©Турар Мусин

Ашық алқызыл. Жарқын түстер әрдайым қыз баланың нәзіктігін айқындап тұрады. Алқызыл түс балалық шақты еске түсіріп қана қоймай, сырт көзге биязы болып көрінуге мүмкіндік береді.

Жылы сарғылт. Мандарин қабығының түсі – дизайнерлердің биылғы маусымда ең көп пайдаланған түсі.

Қандай жағдай болмасын, жүрегіңіздің қалауын тыңдаңыз. Шынайы мінезіңіз бен темпераментіңізді сұр секілді түстердің астарында жасырудың қажеті жоқ. Таңдаған көйлегіңіз сізге құйып қойғандай болуы керек. Әрбір қазақ қызы ханшайым болуға лайық! Сіз де солардың бірі екеніңізді ұмытпаңыз!

Басты сурет: ©Анна Мазур (өңделген) 

Қ. Бүйенбай