Салтанатты шаш сәнін қалай таңдауға болады?

Салтанатты шаш сәнін қалай таңдауға болады?

Мектеп бітіру кеші қыздар үшін ерекше, ұмытылмас болатындығы белгілі. Бұл кешке дайындық емтихандарға дейін басталып, сол кешке дейін жалғасады. «Тойдың болғанынан болары қызық» демекші, бітіру кеші тұрмақ, оған дайындық та жас аруларға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Бітіру кешіне санаулы күндер қалды. Осы кезге дейін көйлегі мен шаш сәнін, ұстайтын сөмкесіне дейін ойлап қойған қыздар да, есін енді жинап, дайындыққа енді кіріскендер де баршылық. Массагет ұжымы сіздерді бітіру кешіне киюге тұрарлық сәндегі көйлектер топтамасымен таныстырған болатын. Енді кезек шаш сәнін таңдау ерекшеліктерінде. 

Шаш сәнін таңдағанда, оның сізге қаншалықты ұнап қалғанына ғана емес, шаш сәнінің сіздің бет пішініңіз бен көйлегіңізге жарасатынына көңіл бөліңіз.

Бет пішініне байланысты шаш сәнін таңдау

  • Бетіңіздің пішіні сопақ болса, қуана беріңіз. Сізге кез келген шаш сәні жарасып кетеді.
  • Бетіңіз төртбұрышты болып, иегіңіз кең болса, сізге ассиметриялы, қиғаш айрықты шаш сәндері жарасады. Кекіліңіз түзу емес, қиғаш болсын. Кекілді бір құлақтың артына алып тастаса да болады. Шашыңызға толқындар істеп те беттің пішінін жұмсартуға болады.
  • Бетіңіздің пішіні тым сопақ болса, бұйра көлемді шаштар сізге көмекке келеді. Шашыңызға ерекше көлем беру арқылы бетіңіздің пішінін сәл домалатасыз. Шаш сәнінің ең көлемді бөлігі  қас деңгейінде болсын. 
  • Жақ сүйектеріңіз тым шығыңқы болса, шаш сәнінің ең көлемді бөлігі жақ сүйек деңгейінен төмен болуы керек. Қалың кекіл не түзу жайылған шаш та сізге жарасуы әбден мүмкін. 
  • Егер бетіңіз сәл томпақ болса, қиын шаш сәндерін істемегеніңіз жөн. Сізге қарапайым жайылған шаш, не бір жағына жиналған шаш жарасады.

Шаш сәнінің көйлекпен үйлесімі

  • Кеудесі ашық көйлекке биік көтерілген шаш сәні мен ретро стиліндегі шаш сәндері ерекше жақсы жарасады. Бетіңіздің қасындағы бірнеше шаш бұрымын жіберіп, бұйралап қойсаңыз болады.
  • Кешкі көйлегіңіз футуристикалық не шығыс стилінде болса, шашыңызды биік жинап, байлап, не түйіп қойсаңыз болады.
  • Көйлегіңіз атлас сияқты жылтыр матадан тігілген болса, сізге дәл сондай түзу, жылтыр, мысалға жоғары түйілген, не жіберілген түзу шаш сәні жарасады.
  • Көйлегіңіз шілтермен әшекейленген болса, жұмсақ толқынды шаш жасап, жайып көріңіз.
  • Көйлегіңіз бір тарихи кезең не елге байланысты болса, шаш сәніңіз де соған сай болуы керек. Мысалы қазіргі сәндегі грек стиліндегі көйлек кисеңіз, шашыңыз да соған сай, өрілген болу керек. 
  • Көлемді көйлекке көлемді бұйра шаштар, ал тар көйлектерге жиналған шаш сәні жарасады.

Қандай болсын шаш сәнін таңдасаңыз да, бастысы ол өзіңіздің көңіліңізден шығып, кеш бойы жақсы ұсталып, сізге ұмытылмас көңіл-күй сыйласын.

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: samweb.tj

С. А