Sandi Beksirga ұлттық студиясы ашылды

Sandi Beksirga ұлттық студиясы ашылды

Sandi Beksirga есімі сұлулықты сүйетін жалпақ жұртқа жақсы таныс. Қазақ қызы Санди (шын есімі - Сандуғаш) – қарапайым қыздарды қалай ханшайымға айналдыруды жақсы білетін өз ісінің нағыз шебері. Отандық жұлдыздарға да кәсіби мэйк-ап жасайтын Санди күні кеше Алматы қаласынан арнайы студия ашты. 

"Біздің салонымыз қазақтың салт-дәстүрін ұстанады. Көбіне қазақтың қарапайым қарагөз қыздары осындай жерлерге қысылып келе алмай жатады. Салонымыз жалпы халыққа арналған. Бәріне есігіміз айқара ашық. Бағасы 3000 - 20 000 теңге аралығын құрайды. Келген әрбір қонағымызға бауырсақ, қымыз, шұбат, қазы-қарта ұсынамыз. Қойылатын әндер қазақ тілінде, қызметкерлер де қазақ тілінде сөйлейді. Сабақ қазақ тілінде өтеді, басқа ұлттар оқимын десе, орыс тілін қосып, екі тілде жүргіземіз. Ұлттық салон ашу көптен бері ойда болған еді. Армандар орындалады", - дейді Санди Бексырға Massaget.kz тілшісіне. 

Sandi Beksirga студиясы мектеп пен салоннан құралады. Мектебі халықаралық статус алған, көп шәкірті әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жатыр. Бағасы 150 мың теңге болатын мектеп 10 күн ішінде кәсіби мэйк-ап жасауды үйретіп шығарады. 

Жанар Айжанова, әнші:

- Сандимен (еркелетіп солай атаймыз) тікелей жұмыс істегеніме 2 жыл болды. Оған келген адамның әдемі болмай кеткенін көрген жоқпын. Жақында ғана Франциядан оқып келді. Өз ісіне өте тиянақты. Сандуғаш - қазақ қыздарының ішінде өз-өзін жасаған қыз. Бәріне өз еңбегімен, маңдай терімен жетті. Қазақ қыздарына үлгі болуға лайық. Өзімнің қызым Айжұлдыз Сандиден оқып, сертификатын алып, қазір ісін жалғастырып жүр. Санди жан-жақты, бір келгенде бір макияждың 12 түрін үйретті. Сандуғаш визажистік дүниені Қазақстан көлемінде қолға алып, мэйк-апты жоғары деңгейге көтерсе екен деп тілеймін. Өзіңіз де кіріп келгенде байқаған шығарсыз, салон қазақылыққа тұнып тұр. Сандуғаш ұлтын сүйетін қыз екенін көрсетті. 

Мөлдір Әуелбекова, әнші:

- Санди – менің құрбым. Сандиға сәттілік тілеймін! Санди, сені армандарыңның бірінің орындалғанымен құттықтаймын. Оған көп жыл бойы сенің қасыңда жүріп куәгер болдым. Келушілерің көп болсын! Алға қойған мақсаттарыңа жете бер! 

Massaget.kz порталы да өз кезегінде қазақ қызы Санди Бексырғаны қадамымен құттықтай отырып, игі ісі алға басып, еңбегі жана берсін деген тілек айтады. 

Көрнекі сурет: vk.com/sandi_beksirga

М. Оңғарова