Әйелдердің сөмкесінде не жасырулы?

Әйелдердің сөмкесінде не жасырулы?

Бүгінде сөмкенің әдемілігімен, пішінімен ешкімді де таңғалдыра алмайсыз. Сөмке әйелдерге ерекше сән беретін аксессуарлардың бірі ғана емес, күнделікті қажетті заттарының бірі екені даусыз.

Дүкендер сөрелерінде неше түрлі сөмкелер көздің жауын алады. Оларға қарап, иелерінің мінез-құлқынан, тіпті кейбір сырларынан да хабардар бола аламыз.

Көлемді сөмке. Кейбіреулер бар дүниесін: косметика, жеңіл сүлгі, блокнот, түрлі қалам, т.б. керек болсын, болмасын «қажет болып қалуы мүмкін» деп толтырып салып алады немесе дүкеннен бір нәрсе алып қалуым мүмкін деп ойлайды. Мұндай әйелдер отбасының бүкіл ауыртпалығын ауыр сөмкесімен бірге мойнына асып, арқалайтын жандар.

Орташа көлемді. Біреулер орташа көлемді сөмке ұстағанмен ішкі бөліктері көп сөмкені ұнатады, яғни құпиясы, ішкі сезімінің қалтарысы көп болуы ықтимал.

Кішкентай сөмке. Шағын сөмке ұстайтындарды бақытты жандар десек те болады. Себебі олар сөмкесіне тек бір ерін далабын, тарағын салып жүруі мүмкін, көбіне сәнді, стильді болып көрінуді қалайтын жандар. Шаруашылық заттарын, азық-түлікті отбасының басқа адамдары тасиды.

Сөмкелердің де түр-түсі көп сырға айғақ бола алады. Бұрын аяқ киімнің түсі қандай болса, сөмкенің де түсі сондай болу керек болса, қазір бұл қағида ескіріп қалғаны баршаңызға мәлім.

Ашық түсті сөмке ұстайтындар сәнді, әдемі жүруден қысылмайтын, елдің көзіне жарқырап түскенді қалайтын батылдар.

Ал қара, қоңыр, сұр түсті сөмкелерді таңдайтындар неғұрлым елеусіз, көзге түскеннен қашып жүретін момын жандар болуы мүмкін.

Сонымен сіз қандай жансыз? Сөмкеңізге қарап ойланып көріңіз. Егер батыл, бақытты әйел заты болсаңыз, біз оған қуаныштымыз. Ал егер керісінше болса, ойланып көріңіз, неден қысыласыз? Өміріңізді өзгерту өз қолыңызда, бірінші қадам сөмкеден басталуы мүмкін...

Сурет: lubell.kz

Ф. Абилова