Карго шалбары: Қалай таңдаймын? Немен киемін?

Карго шалбары: Қалай таңдаймын? Немен киемін?

Ер адам киімінің әрқандай түрлеріне тоқталып, олардың қалай пайда болғанын, қалай кию керектігін, қалай таңдау мәселесін қолға алған болатынбыз. Бұл жолы нысанда Карго шалбары.

Шығу тарихы

Карго – бұл да ертеректе әскери киім болған шалбардың бір түрі. 1938 жылы британдық әскерге жаңа киім тігілді. Әдепкі шалбар үлгісіне қарағанда каргоның қалталары көп. Ал екі жылдан соң бұл шалбар түрін америкалық парашютшілер кие бастаған. Уақыт өте келе оны университет оқушылары киюді әдетке айналдырыпты. Рациялар мен басқа да техникалық аппараттар салынуы керек қалталарға кітаптар салына бастады ма деген сұрақ келеді.

Қалталарынан басқа өзгешелігіне тоқталсақ, олардың кеңдігі адамға ерекше ыңғайлы. Карго шалбарын ұнатпайтындардың да, ұнататындардың да басты айтар уәжі – қалтасының көптігі мен үлкендігі. Бірақ бұл шалбар түрі әр кездерде сәнге қайта айналып келіп жатыр. Әсіресе, сән үйлері мен дизайнерлер каргоға деген қызығушылықтарын баса алмай келеді.

Каргоның бүгінгі сәні

Дизайнерлер қазірде каргоны мінсіз етуге барын салып жатыр. Сән үйлері оның түсін де, матасын да, киілуінің оңайлылығын да басты нысан еткен, тіпті тек қана осы шалбар түрімен айналысып жатқан дизайнерлер де бар екен.

 

Брунелло Кучинелли, Brunello Cucinelli маркасының құрушысы:

"Тар карголар әрбір еркектің гардеробында болуы тиіс киім. Дәл осы тар карголар қарапайым, кең түрлеріне қарағанда жарасымды әрі ыңғайлы деп ойлаймын. Оларды кеңсеге де киіп баруға болады. Мысалы, блейзермен немесе кашемир свитер және поломен үйлестіріп кисе әбден болады".

Уақыт өте келе жасалған өзгерістер онымен бірге киілетін киімдерге де соқпай өтпеді. Егер бұрынырақта оны тек әскери аяқ киіммен, ал арық жігіттер үлкендеу кроссовкамен киетін болса, қазір онымен үйлестіре киюге болатын аяқ киім түрлері арта түсті: редвинг, канвас кедасы, күдеріден жасалған дезерт, броги сияқты аяқ киім түрлерін каргомен киюге мүмкіндік туды.

Каргомен киілетін киімдердің де түр-түрі шықты. Сыдырма ілгегі мен капюшоны бар толстовка (бүрмелі ұзын әрі кең жейде) және камуфляж желеткі әскери корреспонденттер мен операторлардың, фотографтардың негізгі киім атрибуты. Ал басқаларға мұндай көп қалтаның қажеті жоқ болғандықтан, оны жейделермен де, пиджактармен де және жеңіл күртешелермен де кие бастады. Осындай әмбебаптығы үшін оларды джинсы мен чиностарға жақсы бәсекелес бола алған фасон деуге әбден болады.  

 

Алекс Карлтон, L.L.Bean Signature директоры:

"Олардың көпқырлылығы ұнайды. Карго тоқылған свитер немесе блейзермен киілсе дәстүрлі классикаға жаңа бір дем бере түсетіндей. Ностальгия шақырады. Каргоның қызметі көп. Айтпақшы, тарылған түрлері бар болғандықтан оларды нағыз заманауи киім дей аламыз".

Каргоны сатып алу

Карго шалбарын барлық маркадан тауып ала аласыз. Олардың ерекшеліктері құнында болуы мүмкін. Ол үшін киім сататын марканың қай аудиторияға жұмыс істейтінін анықтап алу керек. Ал құнынан басқа, олардың түсін де дұрыс таңдай білуіңіз шарт.

Хаки деп аталатын қою (кейде ақшыл) жасыл түс, ақшыл (кейде қою) сары, қоңыр, қара және сирек жағдайда көк түсін таңдаңыз. Мезгілге де байланысты оның қалыңдығын байқаңыз. Ал бастысы сатып аларда қалтаға не салатыныңызды анықтап алыңыз...

 

Тодд Снайдер, ерлер киімінің дизайнері:

"Маған милитари өте қатты ұнайды. Оларды әсіресе арнайы тіктірілген жейделермен жарастырып кисе тамаша көрініс сыйлайды. Сондықтан да осы екі киімді үйлестірумен айналыстым".

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: furfur.me, streetetiquette.com

А. Құлтай