Чинос шалбары: Немен киемін? Қандай түсін таңдаймын?

Чинос шалбары: Немен киемін? Қандай түсін таңдаймын?

Шалбардың классикалық үлгісі, джинсы түрі және спорттық түрлері ғана бар деп ойлайтынымыз шындық. Әсіресе ер адамдар осылай ойлайды. Бірақ бұл түрлерден де өзге шалбарлардың бар екенін біле бермейміз. Бүгінгі әңгімеміз чинос шалбары жайлы. Бір қызығы, бұл шалбар түрі туралы көпшілік тіпті естімеген де. Десе де бұл үлгі өзге елдерде ондаған жыл бойы сәндік үлгі ретінде саналып келеді.

Шығу тарихы

Ер адам киімдерінің көпшілігі сияқты, чиностың да әскери тарихы бар. Бұл шалбарлардың шығу уақытын шамамен 1848 жылдан басталады десек қателеспейміз. Ағылшын әскерінің генералы Сэр Гарри Ламсден осы жылы өз қоластындағы әскерімен бірге Үндістанға барған кезде ақ киімдерінің тез кірлейтінін байқаған. Бұл елдің кейбір аймақтарының климаты өте құрғақ және шаңнан көз ашып жүре алмайтын болғандықтан, генерал өз шалбарының түсін көкшіл сұр түске бояп алады. Осы шалбардың түріне кейін «чинос» деген ат береді.

1955 жылы газетке шыққан жарнама

 

«Chinos» атауы қарапайым халық арасында да таныла бастады. Америка мен Еуропада бұл үлгі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін танылды. Бұл кезде миллиондаған әскерлер соғыстан кейін үйлеріне қайтқан соң осы шалбарды бейбіт заманда да киіп жүре берген. Уақыт өте келе әр заманның дизайнерлері бұл шалбарды бейбіт өмірге байланысты өзгертіп отырған.

Міне, сол әскери киім бүгінде жастардың, әсіресе ЖОО студенттерінің сәнді киіміне айналды.

Бұл шалбарды бірінші болып Levi’s компаниясы 1906 жылы шығара бастады. Ал Брукс Бразерс chinos шалбарын 1940 жылдары жұртшылыққа таныстырды.

Материалы мен пішімі

Чиностар да ертеректе джинсы шалбарлар сияқты құрамы 100 пайыз мақтадан тұратын болған. Ал бүгінде сәнді бола түсуі үшін оған синтетика да қосылатын болған. Егер чинос құрамында синтетика жарты бөлігінен көп болса, бұл түрі сапасыз деген сөз. Оны сатып алуға кеңес бермейміз. Себебі синтетика көп араласқан киім жазда ыстық тартады. Ал пішіміне келсек, бүгінде оның тігілу түрлері өте көп. Көбінде чиностардың тарылған түрлері қолданыста. Бірақ бұл оның кең түрлері жоқ деген сөз емес. Төмендегі суретте көктем-жаз мезгіліндегі ең сәнді трендтері ұсынылған:

Егер тарылған шалбарды кие алмаймын десеңіз, оның relax fit деп аталатын кеңейтілген түрлерін кисеңіз болады.

Чиностың ілгегі түймелі және сыдырма ілмекті болып келеді. Екі жағында сәл ғана қиғаштау кесілген қалтасы бар.

Чиностың джинсыдан қандай артықшылықтары бар?

Басты артықшылығы оны киген соң қозғалу джинсыға қарағанда ыңғайлырақ. Джинсыға қарағанда кең әрі жеңіл. Қолыңызды қалтаңызға оңай сала аласыз. Дизайнерлер көктем мен жазда ең ыңғайлы шалбар чинос екенін айтып отыр.

Түстері

Чиностың тағы да бір артықшылығы бар. Оның әр түсті түрлерін таба аласыз. Ерлер гардеробында барлық түсі бар киім осы чинос қана. Сондықтан да өз стиліңізді өзгерткіңіз келсе оның әрбір түріне зерттеу жүргізуіңізге болады. Әртүрлі түсті чиностарды ақ жейдемен немесе футболкамен үйлестіргеніңіз жөн. Ал егер сіз пиджак кисеңіз, онда қою көк түсті чинос таңдағаныңыз дұрыс. Ал сансыз эксперимент үшін түстердің үйлесімділігі туралы мақаламызды оқып шығуға кеңес береміз.

Көпфункциялылығы жайлы

Бұл киім түрінің көп қыры бар. Себебі оны қандай жағдайда болмасын, кие беруге болады. Класикалық үлгіде көрінгіңіз келсе, спорттық немесе күнделікті жағдайларда да кисеңіз оғаш көрініп қалмайсыз. Чинос сіздің негізгі киіміңіз ретінде қалып, ал қалған киім бөліктерін қажеттілігіңізге байланысты таңдай бересіз.   

Суретпен де түсіндірейік:

Көше жағдайында:

Іскерлік кездесулер:

Сонымен қатар, басқа да көптеген жағдайларда чинос сәнді әрі жарасымды:

Чиносты қандай аяқ киіммен киген дұрыс?

Біздің айтып отырған шалбарымыз кэжуал стиліне (немесе смарт-кэжуал) жататын болғандықтан онымен бірге киілетін аяқ киім де оған сай болғаны жөн. Бұл дегеніміз, аяқ киімнің қандай түрі болмасын, бұл үлгіге бөтен емес. Мәселен, қарапайым сникерстерді алып қарасақ болады.

Лоферлермен...

Дезертпен...

Ең дұрысы бұл шалбарды топсайдерлермен кигеніңіз жөн.

Бұл аяқ киімдерді шұлықсыз кигеніңіз әлдеқайда сәнді болмақ.

Балақты түруге бола ма?

Суреттерден байқап отырғаныңыздай, чиностың балағы қайырылғаны да, қайырылмағаны да бар. Сол себепті осы екі әдіс те ыңғайыңызға байланысты. Және басқа киімдер (әсіресе аяқ киім) үйлесіміне қарай қайыру-қайырмау мәселесін өзіңіз шешкеніңіз жөн. 

Қай жастағы адамдар чинос киеді?

Бұл шалбарды барлық жастағы адамдар кие береді: еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін жарасатын бұл шалбар әмбебап киім. Тек өзіңізге ыңғайлы әрі жарасымды түсін таңдасаңыз болғаны.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: compromesso.ru, yepman.ru

А. Құлтай