Қыздар аяқ киімі – 2014

Қыздар аяқ киімі – 2014

Бұл көктемде ыңғайлылық пен жайлылық - басты ұран. Әлемдік сән үйлері нәзік жанды аруларға кроссовкалар, өкшесіз немесе өкшесі бар болса да, ыңғайлылық пен бекемдікке негізделген аяқ киімдердің түр-түрін ұсынды. Әдеттегідей танымал дизайнерлер тәжірибе жасаудан да қашпады: мысалы, қиық өкшелер немесе тізеге киілетін белдіктер Raf Simons аяқ киімдерін сәндеді. Chanel туфлиді гольфпен үйлестірсе, Maison Martin Margiela алтыннан құйылып жасалғандай етіктерді көпшілік назарына ұсынды. Атақты брендтердің өнертабыстарын бірге тамашалап, көктем-жаз 2014-те сәнді болып жүруді ұсынамыз.

1. Chanel SS14. Батыл тәжірибелер

Chanel сән үйі қарапайым спорттық аяқ киімге жаңа дем беріп, оны casual стилімен үйлестіруді жөн көріпті. Мұнымен олар кроссовканың әмбебаптығын көрсетуге тырысқан және кроссовкалар да түрлі әшекейлермен көмкеріліп, бастапқы түрінен әлдеқайда жарқын әрі әдемі.

Chanel-дің жеңіл қолымен 2014 жылы көптеген бейнелер спорттық бейнеге ауысты. Мысалы, тізеге тағатын ерекше белдіктер.

Мөлдір, жеңіл матадан жасалған баулар да ерекше тапқырлық. Практикалық жағын санамағанда, эстетикалық тұрғыда өте әдемі көрінеді.

Сонымен қатар жұқа, мөлдір немесе шілтерлі кроссовкалар да бұл мезгілдің ерекше тренді.

Өкшелі туфлиден кем түспейтін нәзік, жеңіл, романтикалық Chanel кроссовкаларын сән әлемі жақсы қабылдады. Алайда бұл тәжірибесі қарапайым халық арасында қабылдана ма оны уақыт көрсетер...

Соған ұқсас спорттық лепті Christian Dior сән үйінің көктем-жаз 2014 үлгілерінен байқауға болады.

Туфли+шұлық=?

Көктем-жаз 2014 мезгіліне Chanel ұсынған келесі тренд – классикалық былғары туфлиді қалың тоқылған шұлық-гольфпен үйлестіру. Алайда бұл тәжірибелерін бәрі қос қолдап қолдай қойған жоқ.

Ашық аяқ киім мен шұлықты үйлестіру көптеген елдерде әдепсіздік саналатыны рас. Қоғамның ұстанымдарымен өмір сүріп қалған жұрт бұл сәнді трендті қалай іске асыратынын да уақыт көрсетер...

Және, айта кететіні, Chanel ғана емес, Saint Laurent сән үй де жылтыр шұлықты былғары туфлимен үйлестіруді қалыпты санапты.

2. Sergio Rossi-ден түстер салтанаты

Бұл көктем-жаз топтамасы алуан түрлілігімен таңқалдырады: мұнда классикалық қайықшадан бастап, әсем тасты, аппликациялы белдікті, түрлі принтті жарқын босоножкалар да бар.

Бір қызығы туфлилердің жаңа моделін жасауға дизайнерді Габриелла Креспидің жиһазы, оның ішінде Ying Yang үстелі шабыттандырыпты. Соған байланысты туфли үлгілерінде инь-янь элементі қисын тапқан.

Қайықшалардың көбі негізінен торпақ терісінен және басқа да табиғи материалдардан жасалған, сол себепті өте төзімді.

Көктем 2014-тің жеңіл ботильондарының басы ашық, ал түсі заманауи суретшілердің картиналарын еске салады.

3. Raf Simons. Қиық өкше

2014 жылдың ассиметриялы аяқ киімдер топтамасы ерекше шешімімен ғана емес, жағымды түстер гаммасымен де ерекшеленеді. Ашық жасыл, ақ-сары және ашық сары түсті нәзік үлгілер өкшенің ерекше дизайны мен тізеге дейінгі былғары белдікшенің арқасында жаңашылдықты енгізді. Ботильондардың мұнда да басы ашық:

Тізе астына байланатын белдікшесі бар туфлилер өз мәнін жоғалтпай, болашақта басқа да сәнді топтамалардың арасынан табылар.

Сонымен қатар келе жатқан мезгілде туфлидің ұшына назар аударған жөн: ұзын үшкір ұштардың орнын доғал, тіпті төртбұрыш типтес ұштар сәнде.

Мұнда боз, көрінер-көрінбес аң терісі принттері:

4. Valentino-дан шығыстық өрнектер

Valentino-ның көктем-жаз топтамасы шығыстық стильді ұстанған, этникалық өрнектер мен нақышты әшекейлерге бай болды.

Киімдер әр алуан түс пен маталарға негізделген соң, бұл топтаманың аяқ киімдері жайпақ табан мен бірнеше белдікшеден тұратын қарапайым үлгіде ұсынылды. Мұнда басты назарды қара былғарының арасында ерекшеленетін алтын түстес тоғаға негізделді.

Көктем-жаз 2014 аяқ киімі: басқа да ерекше үлгілер

Сурет: vev.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina