Көктемнің сәнді 8 аксессуары

Көктемнің сәнді 8 аксессуары

Бұл көктемде жарқын және ерекше аксессуарлар сәнде болады. Сәнге көңіл бөліп, бейжай қарамайтын ару келе жатқан көктемде гардеробын немен жаңарту керектігін білуі керек. 2014 жылың көктемінде қыздардың назарына батыл және әсерлі трендтер ұсынылады.

1. Жарқын етіктер


Келер көктемде қанық түсті етіктер басты назарда болады. Етіктің түр-сипаты маңызды емес, сондықтан әр сәнді ару өзіне ыңғайлы етікті таңдай алады. Негізгі ереже – жарқын түс. Салтанатты кештер мен киімдерге біз өкшелі жарқын ботильондар, ал романтикалық аруларға жайпақ табанды биязы етіктерді таңдауға болады. Назар аударуға тұрарлық түстер - қанық қызыл-сары, ақшыл көк және қызыл түстер. Сонымен қатар биязы табиғи пастель түстерін де ұмытпаған жөн. Мысалы, боз көгілдір, нәзік сары немесе жалбызды түстер көктемгі сәнді бейнелермен керемет үйлесім табады.

2. Ерекше формалы сөмкелер


Осы уақытқа дейін подиумдардың сәні болып келген ерекше формалы сөмкелер күнделікті қолданысқа енетін дәрежеге жетті. Мұндай сөмкелер қарапайым және жинақы киімді сәнді әрі тартымды етпек. Түрлі түсті және ерекше формалы әр түрлі клатчтарға назар аударыңыз. Жарқын принтті көлемді сөмкелер де тартымдылығы жағынан қалыспайды.

3. Футуристік туфлилер


Футуристік стильдегі әр түрлі туфлилер, ботильондар мен босоножкилер жаңашылдық пен ерекшелікке құмар қыздар үшін жақсы шешім болмақ.  Мұндай аяқ киімдер ерекше платформалардан, көп мөлшердегі декордан, металл реңктерден, винил және лактан тұрғаны абзал. Мұндай аяқ киімді, әрине, әмбебап деуге келмес, алайда салтанатты кештерге киіп бару үшін нағыз қажетті бұйым. Футуристік туфлимен үйлескен қарапайым көйлек бір сәтте бейнеңізді сәнді әрі тартымды етеді.

4. Люстра-сырғалар


Бұл көктемде сансыз қабаттар мен декоративті элементтерден құралған ерекше сырғалар сәнде. Сыртқы келбеті мен элементтерінің көптігі люстраны еске салатындықтан осындай атау алды. Мұндай үлгідегі сырғалар иығы ашық киімдермен, жоғары буылып түйілген шашпен және, әрине, ашық түсті далаппен керемет көрінетін болады.

5. Басқа орамал


Үшкіл орамал немесе тюрбан – болашақ көктемнің сәнді тренді. Бұл аксессуар күнделікті топтамаңызды көңіл күй сыйлайтын көктемгі жарқын бейнеге айналдырады.

6. Этникалық алқа


Ірі және көзтартарлық алқалар бірнеше маусым бойы сән әлемінде өзекті болып келеді. Бұл көктемде этникалық элементтері бар алқаларға назар аударуды ұсынамыз. Бұған ірі моншақтар, немесе ағаш бұйымдарын да қосуға болады. Этникалық стильдегі алқа соған ұқсас көйлектерді толықтырып тұрады немесе біртүсті кофтаны бір сәтте жарқын әрі көзтартарлық етеді.

7. Күнге қарсы киілетін көзілдірік


Бұл көктемде ретро стиліндегі дөңгелек формалы көзілдіріктер және “мысық көзді” үлгілер сәнде. Жарқын суреттермен немесе сәнді элементтермен безендірілген түрлі ерекше ілдіріктер де бұл көктемде сәнді көмекшіңіз болады.

8. Шашқа арналған гүлді әшекейлер


Көктемгі жылы көңіл күйді айқындауға гүл түріндегі шашқа арналған әшекейлер көмектеседі. Гүлдің арқасында кез келген шаш үлгісін әрлендіріп, бейнеңізді биязы әрі нәзік ете аласыз.

Сурет: mylitta.ru, lady.gazeta.kz

Дайындаған: Анар Мұстафина

А. Құлтай