Жаңа маусымның трендтері

Жаңа маусымның трендтері

Жаңа маусымда не киемін деген сұрақтың сізді мазап жүргені айдан анық. Бұрын да осы көктем мен жаздың сәнді трендтері жайлы сөз қозғаған едік. Бұл көктем мен жазда өткен маусымның көптеген элементтері жаңа 2012 жылдық топтамада кездеседі. Жаңа маусымда қызғылт сары, көгілдір, көк түсті қоспалар ерекше актуальды болмақ. Назарларыңызға осы маусымның ең сәнді тренд үлгілерін ұсынамыз. 

Табиғат түстері

2011 жылдың күзінде дизайнерлер гранат, жақұт,  изумруд не топаз сияқты қымбат асыл тастардың түстері сәнді болады десе, 2012 жылдың көктемі мен жазында киім дизайнерлері табиғаттың түстері арқылы шабыт алған екен. Жаңа шыққан шөптей жасыл, бұлақтың суындай мөлдір, жағадағы құмдай алтын түстер енді сәнде болмақ.

Суретте: Carolina Herrera, Tadashi Shoji, Elie Saab, Alberta Ferretti

Маусымның басты тренді - ар-деко

20-жылдардың сәніне сай металл бұйымдары не бисермен әшекейленген флаппер көйлегі осы маусымның басты тренді. Ар-деко бағытына жататын бұндай көйлектерді Alberta Ferretti, Etro, Gucci сәнді үйлерінің көктем-жаз 2012 топтамаларынан тапса болады. Бірақ бұл тек сол 20-жылға ғана тән көйлектер болып қалмайды. Оларға қазіргі заманға сай жаңалық қосылып, қиял үстеліп, өзгерген. Мысалға, Roberto Cavalli түгелімен алтынмен жаланған көйлекті ұсынса, Versus топтамасында керісінше қарапайым, бір түсті көйлектерді кездестіруге болады.

Суретте: Alberta Ferretti, Marc Jacobs, Gucci

Тренд: орамал

Өздерінің соңғы қоштасу топтамасын D&G Доменико Дольче мен Стефано Габбана орамалдардан тігілген көйлектер мен сарафандарға арнады. Киімді орамалдардан жамап істеуді сондай-ақ Emilio Pucci, Anna Sui, Balenciaga сән үйлері ұсынды. Бұл әлбетте, осы маусымның ең сәнді трендтерінің бірі болмақ.

Суретте: D&G, Gucci, Balenciaga

Тренд: этника

Жаңа маусымда этникалық принттер өте сәнді болмақ. Proenza Schouler, Anna Sui, Burberry сән үйлері Мексика не үнді халқына сай, этникалық киім үлгілерін киіп көруімізге кеңес береді. 

Суретте: Missoni, Anna Sui, Stella McCartney

Макси ұзындық 

Ұзын жеңіл көйлек не белдемшесіз осы көктем мен жазда сәнді атана аламын деп ойламаңыз. Макси ұзындық әдеттегідей бұл маусымда сәнді бола бермек. Осы жылғы жаңалықтар: белден басталған кең етекті тері белбеумен киілген белдемше ең сәнді киім болмақ. Тобыққа дейінгі ұзындық та көптеген сән үйлерінің топтамаларында кездеседі. 

Суретте: Valentino, Chloe, Sonia Rykiel

Тренд: спорттық көңіл-күй

Қыстық топтамада дизайнерлер мүлдем спорт киімі туралы ойланбаған болса, осы маусымда спорттық киімнің элементтері сәнді топтамаларда әбден көп. Худи (толстовка), капюшоны бар көйлектер, шолақ шалбарлар сияқты спорттық киіммен қоса, спорттық киімінде нейлон мен микрофибра материалдары бар.

Суретте: Marc by Marc Jacobs, Rag and Bone, DKNY

Тренд: гүлдер

Көктем келе салысымен, дизайнерлер қыздардың гүлдей құлпырғанын қалап, бұл ойды киімнің бетіне түсірді. Бұл маусымда гүлдер көйлектерде, сөмкелерде, барлық киім үлгілерінде ашылып жайнайды. Түстері де көз жауын алады. Salvatore Ferragamo сән көрсетіліміндегідей тропикалық, жарқын түстерден бастап, Chloe топтамасындағыдай нәзік ашық түстілерге дейін сәнге енбек. Ал егер гүлдер тақырыбының тізесі әбден шықты десеңіз, Dolce&Gabbana-ның соңғы топтамасындағыдай көкөністі не жемісті суреттермен безендірілген киім үлгілерін таңдаңыз.  

Суретте: Salvatore Ferragamo, Dolce&Gabbana, DKNY

Ақ - пәктік белгісі

Әрине көктем-жаз маусымдарын кіршіксіз ақ түссіз елестету қиын. Аппақ түсті киім үлгілерін әр сәнді үйінің топтамасында тапса болады. 

Суретте: Nina Ricci, Elie Saab, Oscar de la Renta, Emilio Pucci

Суреттер: elle.ru, millionlooks.com.

С. А