Гүлді шеңберлер - жаздың басты аксессуары

Гүлді шеңберлер - жаздың басты аксессуары

Шашты сәндеген гүлдер – өткен және осы жылы шашқа арналған аксессуарлардың біріне айналды. Әсіресе биыл әлем бойынша гүлді шеңбер кең тарап, көптеген сәнқой қыздардың шашын сәндегенін байқаймыз. Гүлді, ашық түсті шеңберлерді түрлі сән көрсетілімдерінде, фотосессияларда, қызыл кілемде, фестивальдер мен таныстырылымдарда жұлдыздар да жиі пайдаланды.


Мұндай әшекейлерді біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген әйелдер де таққан екен. Ежелден адамдар шаштарын күтіп ұстап, сәндеуге құмар болған. Және оны айқындау үшін түрлі аксессуарлар пайдаланған. Ежелгі Грекияда мыңжылдықтар бойы сәнқой қыздардың шаштарын сәндеген өнер туындылары әліге дейін табылуда. Мысалы, мына диадеманы археологтар Микена қаласындағы бір мазардан тапқан. Аксессуар таза алтыннан жасалған.

Гүлді шеңберлерді ежелде тұмар ретінде пайдаланған. Бастапқыда оны тірі өсімдіктерден жасаған. Бұл өмірдің жалғасуын білдіретін рәсім десе де болады. Гүлді шеңберлер тіпті дыбыссыз кино дәуірінде де сәнге енген болатын. Мұндай шеңберлер Мод Фили мен Алла Незимова сынды актрисалардың шаштарын сәндеген.

Шашты сәндеген гүлдер әрқашан шынайы биязылықтың белгісі болып келген. Әсіресе көктем және жаз айларында түрлі-түсті гүлдер мен ашық түстер өзіне назар аудартпай қоймайды.

Шеңбер таңдауда да бет пішінінің құрылысына назар аудару керек екенін ұмытпаңыз. Егер гүлдерді шеңбердің екі шетіне көбірек орналастырсақ (самай жаққа қарай) бет-пішін біраз кеңейеді. Сондықтан мұндай нұсқа бет-пішіні домалақ немесе төртбұрышты аруларға жарамайды.

Егер әшекейді бас сүйектің дәл ортасына орналастырса, бет пішіні біраз созылады. Сонымен қатар, бастың үстіндегі гүл шоғыр бойыңызды ұзын етіп көрсетеді. Бойы қысқа қыздар үшін тіпті ұтымды нұсқа.

Осыған байланысты шашты қалай сәндеу керек дегенге келер болсақ, мұнда өз фантазияңызға ерік берсеңіз болады. Гүлді шеңберлерді буылған шашпен де, түйілген шашпен де, шашыңызды жайып жіберіп тақсаңыз да жараса кетеді. 

Суреттер: vev.ru, style-vogue.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina