Ұлттық әшекейдің сыры көп

Ұлттық әшекейдің сыры көп

Қазақтың ұлттық әшекей-бұйымдары сән үшін тағылып қоймай, қорғаныс қызметін де атқарған. Сол себепті қазақ қыздарының әшекейлерін жасау үшін тазарту қасиеті бар күміс пайдаланылған.

Ерте заманда әшекейді жаңа туған нәресте шағынан бастап таққан. Бұл тіл-көзден сақтайды деген ырымның бір түрі. Олар қызыл таспен әшекейленген күмістен жасалып, жаңа туған нәрестенің тақиясына немесе аяқ-қолдарына тағылған. Халық қызыл түсті тас бақыт пен шаттық әкеледі деп сенгедіктен, көптеген әшекейлерде осы тастың түрі кездеседі. Көз тиюден сақтану үшін  2-3 жасқа толғанда қыз балалардың құлағына осы меруерт тастардан жасалған сырға салған. Және қолдарына шақшақ құс бейнеленген білезіктер таққан. Кейіннен жасы ұлғая келе қыздар асыл тастармен көмкерілген салбырап тұратын сырғаларға ауысқан.

Сол кездері 10-11 жастағы қыз балаларда қалыңдық жасауымен бірдей әшекей бұйымдар болған. Бойжеткен шағында бас киімсіз жүруге рұқсат беріліп, оның орнына күмістен жасалған шолпы таққан. Мұнымен қатар қолдарына да түрлі әшекейлер таққан: білезіктер екі қолдарына қатар, ал саусақтарына 3-4 жүзік. Сақина тақпай жасаған тағам дәмсіз болады деп үнемі сақинамен жүрген.

Әр жыл сайын қыз балалардың киіміне жаңа әшекейлер қосылады. Ал жасы ұлғайған сайын жарқыраған тастарды тақпауға тырысқан. Жасы ұлғайған әжелердің білезігі «жұмыр білезік» деп аталады: күмістен дөңгелек етіп жасалып, ұшы жылан басынан ұқсас қайырылған. Бұл да жаман күштен сақтайтын ырымның бір түрі.  Мұнымен қатар екі саусаққа қатар киілген қос ғашықтың сүйіп қосылғанын білдіретін «құдағи жүзік» таққан. Мұндай жүзікті қызыма жақсы қарасын деген ниетпен келіннің анасы құдағиына сыйлаған.

Шаңырақ көтерген жылы әшекейлерге ұрпақ жалғастығын білдіретін суреттер бейнеленген.

Ал қазіргі қазақ қыздары қандай әшекейлер таңдайды? Әрине, 11 жасар қыздың жасаумен тең бұйымы болған заман артта қалды. Бірақ, кейбір дәстүрлеріміз де осы күнге дейін жалғасын тауып келеді. Мысалы, жаңа туған нәрестеге көз моншақты осы күндері де тағып, маңдайларына күйе жағады. Ал әжелеріміз қазақы оюлары бар білезіктерін білекке салып, әйелдер конус тәріздес сырғаларды тағады. Күмістен жасалған әшекейлер де қайта жаңғырып, сәнге айналуда.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: rudaki.ru

Қ. Бүйенбай