Той сәні: қалыңдықтар ұлттық көйлек таңдайды

Той сәні: қалыңдықтар ұлттық көйлек таңдайды

Үйлену тойы – адам өмірінде болатын ең маңызды сәттердің бірі. Осы кезде қалыңдық үшін көйлек мінсіз болуы тиіс.

Той көйлегін сатушылар бүгінде салт-дәстүрлеріміз әр тойда қайта жаңғырып, ұлттық киімдер жоғары сұранысқа ие болып жүргендігін айтады. 

Қыз ұзату – қызды әкесінің үйінен болашақ үйге шығарып салу дәстүрі. Қазіргі қыздар тойда ұлттық көйлекті киюді сәнге айналдыруда. Той өнеркәсібі ұзату тойына киетін көйлектердің түр-түрін ұсынады. Қолжетімді бағаға көйлек, сәукеле, камзолды жалға алуға болады. Ұзатуға киілетін көйлек атлас, жібек, орган, тафта секілді қымбат маталардан тігіледі. Түстері жарқын етіп таңдалады. Міндетті түрде жиегіне ою-өрнек салынады. Інжу тастармен нәзік етіп тігіліп, алтын түсті жіптермен безендіріледі. 

Үйлен тойда қалыңдық басына тек ғана сәукеле киюі тиіс. Қыз ұзатудағы ырым-тыйымдардың көбісі сәукелемен байланысты болғандықтан, оның орнын бағалы тастары бар тәж де, шетелден келген жаулық та (фата) алмастыра алмайды. Сәукеле биік болған сайын қалыңдық жарының үйінде бақытты болады деген ырым бар. Ұзату тойда бас киімсіз қалыңдықтар да кездесіп жатады. Бұл сырт көзге жағымсыз көрінеді.

Сәукелені де тігіншілер қалың негізді той көйлегі тігілген матамен қаптап отырып жасайды. Үстінен маржан тастармен көмкеріп безендіреді. Сәукеленің төменгі бөлігін  бұлыңғыр, түлкі, шиншилла терісімен ажарлайды. Жоғарғы бөлігінде үкі орналасады. Ол көз тиюден сақтайды деген ырым бар. Барлығы дайын болған соң жібек матадан жасалған желекпен көмкеріледі. Желекті шет елдің үлгісіндегі фатаның бір түрі деп айтуға болады.

Той көйлегінің тағы бір бөлігі – камзол. Ол да маржан тастармен көмкеріліп, жиегіне ою-өрнек тігіліп, тиындармен безендіріледі.

Той көйлегінің түсі маңызды. Әдетте қызыл немесе көк түстер таңдалады. Егер той  жаз мезгілінде болатын болса, ақ, күлгін түстер пайдаланылады. Қызыл түс – жастық шақ пен белсенділіктің белгісі.

Және ең бастысы күмістен жасалған ұлттық әшекейлер.

Ұлттық нақыштағы той көйлектерді мына сілтемелер бойынша қарай аласыздар:

http://Richton studio

http://www.alexshebanov.net

http://www.svat.kz

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: alexshebanov.net 

Қ. Бүйенбай