Адам емес, әшекейлері сөйлесін

Адам емес, әшекейлері сөйлесін

Жүзік – қыз балалардың сүйікті әшекейі. Оны кез келген жастағы ер адамдар да, әйел адамдар да тағады. Психологтар адамдардың жүзікті қай саусаққа тағатынына қарап, иесі жайында көп мәліметтер алуға болады дейді. Олай болса, адамның орнына оның әшекейлері сөйлесін.

Сонымен, жүзіктер не деп сыр шертеді?

Сұқ саусақ. Сұқ саусаққа тағылған жүзік «билік» пен «қожалықтың» белгісі. Мұндай адамдар ешкімге тәуелсіз, алдына қойған мақсаттарына сеніммен жол тартатын жандар. Егер «билік жүзігі» оң қолдан орын алса, ол салмақтылық пен ақылдың белгісі. Яғни жеті рет өлшеп, бір рет кесетін жандар. Ал сол қолға тағылған болса, менмендік пен ашық үстемдік етудің нышаны. Осы секілді сұқ саусағына тарихтағы Иван Грозный, Цезарь, Генрих VIII жүзік таққан.


Ортаңғы саусақ. Ортаңғы саусаққа тағылған жүзік «Бәрінен де мен сұлу» деп сыр шертеді. Ортаңғы саусақ ең ұзын әрі бірден көзге түседі. Сұқ саусаққа тағылған жүзіктің бұл орында мен-мендіктен арылып, ерекше нәзіктікке бөленетіні анық. Мұнымен қатар жүзіктің көлемі мен көмкерілген тастарының да мөлшері маңызды. Неғұрлым көлемдірек болған сайын «маған қарап, тамсана түс» дегендей болады.  


Аты жоқ саусақ. Аты жоқ саусаққа тағылған жүзік отбасылы екендігін білдіреді. Бұл салт ең бірінші болып египетте пайда болған. Олар махаббат тамыры осы саусақтан басталып жүрекке барады дегенге сенген. Египеттіктер әйнектен жасалғанын да, мәр-мәрден жасалғанын да таққан. Кейіннен осы дәстүр жалғасын тауып, Римде сүйіктілеріне темір немесе күмістен жасалған сақина сыйлауға рұқсат берілген. Бұл бір жағынан берекелі отбасының белгісі. Ал барлығымызға таныс алтын жүзіктер III–IV ғасырларда пайда болған.


Шынашақ. Ең кішкене саусақта орналасқан сақина иесінің шығармашылық қабілеті бар екенін хабарлайды. Көбіне әртістер, суретшілер мен сәнбикелердің сақинаны шынашаққа тағатынын байқауға болады. Мейлі алдыңыздағы адам осылардың бірі болмаса да, қызықты адам екенін біліңіз.


Үлкен саусақ. Үлкен саусақта орын алған сақина өзіне деген жоғары ықыласты талап етеді. Әсіресе, ер адам болса. Ер азаматтар қауымы мұнымен «қалқам, маған бір қарашы» деп айтқысы келетіндей. Үлкен сауаққа сақина тағу алғаш рет  ежелгі гректер мен римдіктерде пайда болған.


Аяқ саусақтарына тағылған сақина. Кейінгі кездері аяқ саусақтарына да тағылған сақиналарды көруге болады. Ондайды әдетте сәнқой қыздар мен жас жеткіншектер тағады. Аяқтың қай саусағына тағылса да иесінің өзін-өзі жоғары бағалайтындығын көрсетеді.


 Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: multy-lady.ru

Қ. Бүйенбай