Алматылық қыз "Мисс Азия" атанды

Алматылық қыз "Мисс Азия" атанды

Алматы қаласының тұрғыны Айгерім Дәулетбекова International Beauty and Model Festival-2013 халықаралық байқауында "Мисс Азия" атанды. Бұл туралы Eventica Brandworks директоры Эльмира Сейдазимова хабарлады.

Байқауға жалпы саны 300 бойжеткен қатысу туралы өтініш қалдырған, ақтық сынға 80 бойжеткен шақырылыпты. Ақтық сында 18 елден жиналған қатысушы қыздар ұлттық және кешкі киімдермен сахнаға шықса, келесі бір көрсетілімге қатысушылар бикинимен бой көрсеткен.

International Beauty and Model Festival-2013 жеңімпазы атағын Швециядан келген Александра Сара Линнеа Фриберг иеленді. Екінші орын – бельгиялық қыз Эмили Патрисия ван Холтқа бұйырса, үшінші орынды Қырғызстан елінің атын қорғаған Гүлнәр Жаныбекова місе тұтты.

18 жастағы Айгерім Халықаралық бизнес университетінде Журналистика факультетінің студенті. Биыл ол өз альма-матерында бірінші вице-мисс атанған болатын. Сонымен қатар, ол Қазақстан сән апталығының тұрақты қатысушысы.

World Beauty Congress фестивалінің басты мақсаты сән индустриясын дамытып, қатысушы елдердің тарихы мен мәдениетіне әлем халықтарының назарын аударту және осы елдердегі туризм саласының жарнамасын жасау болып табылады.

Айгерім Дәулетбекова дизайнер Аида Қауменованың киім үлгісімен түскен суреті

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: tengrinews.kz

А. Құлтай