Джинсыдың туған күні!

Джинсыдың туған күні!

Бүгінде джинсы киімдер кез келген адамның гардеробынан табылады. Тәй-тәйлаған бөбек те, алпысты алқымдаған ата да, нәзік жандыларымыз да, білектілеріміз де джинсымен етене таныс, айнымас дос.

Осы бір киімдердің астында бір ғана буын өскен жоқ. Джинсы киімдердің тарихы осыдан 200 жыл бұрын бастау алған. Яғни, ең алғашқы патенттелген джинсыды 1850 жылы Американың Леви Страусс есімді азаматы сатылымға шығарды. Бұл джинсы 1 доллар 46 центке бағаланған екен.

Бұл джинсыдың атасы өте қатты кенептен тігілген көп қалталы шалбар болатын. Жаңа киімді қарапайым халық бірден қабылдап, тез таратып жіберді. Джинсы үлкен сұранысқа ие бола бастады. Нәтижесінде Страусс Сан-Франциско қаласында «Levi Strauss & Co» фирмасын ашып, осы салада қызу жұмыс жүргізе бастады.

1873 жылдың дәл осы күнінде, яғни, жиырмасыншы мамыр күні «Levi Strauss & Co»  тойтармалы қалталары бар шалбарларды өндіруге лицензия алды. Дәл осы күні джинсыдың туған күні ретінде ресми түрде бекітілді. 1886 жылы «Levi’s»-тің джинсыларында атақты былғары лейблдар пайда бола бастады.

Жұмысшы халық жаңа шалбарлардың қолайлылығы мен төзімділігін жоғары бағалады. Осыдан көп уақыт өтпей жатып, сұр матаның орнына адам көзі бірден түсетін "деним" аталатын көк түсті матаны қолдана бастады. ХХ ғасырдың ортасында Lee, Wrangler, Cooper деген алпауыттар пайда болмайынша, «Levi’s»-ке қарсы тұра алар ешбір бәсеке болмады.

«Levis» шалбарларын бояу үшін қолданылатын "индиго" бояуы табиғи ингредиенттердің негізінде жасалғандықтан бағасы да өте қымбатқа түсті. Кейіннен бұл мәселе де өз шешімін тапты. 1878 жылы неміс химигі Adolf von Baeyer табиғи индигоның синтетикалық баламасын ойлап шығарып, джинсылардың бағасы төмендей бастады.Оның сатылымымен Calvin Klein, Diesel, Gap, Guess, Mustang, Polo, Tommy Hilfinger, Zara компаниялары айналысатын болды. Джинсы барлық жас пен кез келген тап үшін ең сәнді киімге айналды.

1926 жылы шалбарлардың ауында сырмалар пайда бола бастады.  «Levi’s» 1981 жылы алғаш рет әйелдерге арналған джинсыларды сатылымға шығарды. 1995 жылы "стрейтч" джинсылары көрінді. Содан бері джинсы әлемінде жаңалықтар үзілген емес. Және джинсыдың адам өмірінен алатын орны артпаса, кеміген жоқ.

 

Суреттер:clubs.ya.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева