Балалардағы аутизмнің алғашқы белгілері

Балалардағы аутизмнің алғашқы белгілері
Фото: © ru.freepik.com

Аутизм - ми жұмысының бұзылуы салдарынан пайда болатын психоневрологиялық патология. Ол сөйлесудегі және өз эмоцияларын көрсетудегі қиындықтармен білінеді. Ол адамның қызығушылықтар шеңберінің айтарлықтай тарылуына әкеледі. Кей жағдайда науқастың зияткерлік белсенділігінің төмендеуі орын алады. Баладағы аутизмді барынша ерте анықтау маңызды. Оның белгілері қандай?

Бұл аурудың пайда болуына ықпал ететін себептер:

- Генетикалық бейімділік. Егер науқастың туыстары осы патологиямен қиналған болса, келесі ұрпақта да оның пайда болу қаупі біраз артатыны дәлелденген;

- Әңгімелесуге, эмоционалды немесе қозғалыс белсенділігіне жауап беретін ми қыртысының құрылымдық компонентіндегі бұзылыс осы аурудың пайда болуына әкелуі мүмкін;

- Ми белсенділігіндегі ауытқу. Ми құрылымының биоэлектрлік белсенділігі төмендесе, балада психоневрологиялық ауытқу болу қаупі артады.

Балалардағы аутизмнің белгілері:

- Басқа балалармен араласқысы келмеу;
- Оқу қабілетінің және зейіннің нашар болуы;
- Тұйықталу және эмоцияларын көрсетпеу;
- Тілдің кеш шығуы және оның жұпынылығы;
- Жиі қайталанатын біртипті қозғалыстар жасау;
- Ым-ишараттың төмендеуі;
- Өте белсенді немесе пассив болу;
- Тамақ ішуден бас тарту және ұйқының бұзылуы;
- Көзге тіке қарамау;
- Жақындасқанды ұнатпау;
- Қауіпті жағдайды анықтай алмау (мысалы, бағдаршамның "қызыл" түсіне қарамастан, жүре беру);
- Басқа балаларға қызықпау;
- Кей дыбыстарға сезімтал болу;
- Агрессия көрсету;
- Эмоциясын басқаларға түсініксіз түрде көрсету. Мысалы, күлкілі емес нәрсеге күлу.

Балалардағы аутизмді уақытында емдетпесе, ол ақыл-ой дамуының мүлдем тоқтап қалуына әкелуі мүмкін.

Аутизм диагностикасы

Диагнозды қоймас бұрын дәрігер науқасты толық қарайды, бірқатар психологиялық тест алады. Сондай-ақ электроэнцефалография және бас миын ультрадыбыстық зерттеуге жіберуі мүмкін. Аутизмді психолог, невропатолог, логопед және басқа да мамандармен жүйелі түрде жаттығу арқылы емдейді. Дәрігер науқасқа арналған жаттығулар жиынтығын ұсынады және туғандарын онымен сөйлесуге үйретеді. Қажет жағдайда дәрілік препараттар беруі мүмкін.

А. Жапатова