Бала ешқашан естімеуі керек 10 сөз

Бала ешқашан естімеуі керек 10 сөз
Фото: dszn.ru

Ата-ананың байқаусызда айтқан бір сөзі балаға айтарлықтай зиян келтіруі, оның өзіне деген сенімін әлсіретуі және кейіннен депрессияға немесе неврозға шалдықтыруы мүмкін. Баласының болашағының жарқын болғанын қаламайтын ата-ана жоқ. Сол себепті бұл мақалада айтылатын мәліметті білген ешкімге артық етпейді.

Бала үшін үйіндегілердің пікірі ұзақ жылдар бойы маңызды боп қала береді. Олардың аузынан шыққан сөздер жадында сақталады. Әсіресе, көңіліне тиген жаман сөздер.

1. «Әкесі сияқты жалқау» («Шешесі сияқты салақ»)

Баланың кей қылықтарын отбасының аса беделі жоқ мүшесімен салыстырып, бетіне басу дұрыс емес. Ол өмір бойы өзін сол кісіге теңеп өседі. Кейін де қолынан іс келетін болса да, ешқандай жетістікке жетпейді. Өзін қор санайды.

2. «Ал менің досымның сендей қызы (ұлы) өзін жақсы ұстайды...!»

Бұл сөз тіркесі арқылы ата-ана баланың сенімсіздігін арттырады. Мұндай сөздер арқылы сіз балаңызды жақсартпайсыз, керісінше сізге ұнамай қалу қорқынышын, махаббатыңызды жоғалтып алу қорқынышын тудырасыз.

3. «Ол үшін жылау/ашулану/уайымдауды доғар»

Адамға барлық эмоциялар қажет. Мұндай сөз тіркесін айту арқылы сіз баланың сезімін сыртқа шығаруға жол бермейсіз. Өзін тежеуге мәжбүрлейсіз. Ал келіп тұрған сезімді іштен тындыру бәрібір негатив аурасын қалдырады. Шықпаған сезім ешқайда кетпейді, психикада қалады, уақытылы айтылмаған сөздер депрессияға түсіреді.

4. «Сенің қолыңнан келмейді»

Бұл сөз тіркесі арқылы ата-ана баланың өзіне және бойындағы қабілетіне деген сенімін түсіреді. Бала қолынан келсе де, келмесе де, ойлаған дүниесіне талпынып көруі керек. Сол кезде ғана оның көзі жетеді. Келесіде шама-шарқына қарай мақсат қойып, өз қабілетін рационал түрде бағдарлай алады.

5. «Саған ештеңені сеніп тапсыруға болмайды"

Көбінесе ата-ана баланың бала екенін ұмытып, үлкен кісіше ұрсады. Баланың сіз ұзақ уақыт бойы тәжірибеден жинап, мінсіз жасайтындай игерген ісіңізді бірден ойдағыдай істей салуы қиын. Шыдамды болыңыз және оны балаңызбен бірге жасаңыз. Одан керемет нәтиже талап етпей, жай ғана қасында қадағалап отырып үйретіңіз.

6. «Осы сен адам болмайсың?»

Осы сөзбен сіз балаға одан көңіліңіз қалғанын білдіресіз. Бала өзін түкке тұрғысыз және ешкім сүймейтіндей сезінетін болады. Балалар өздеріне ата-анасының көзімен қарайтындықтан, ол өзін қабылдай алмай қалады. Түкке тұрғысыз сезінеді.

7. «Сен үшін көп нәрсе жасадық, бірақ сен шүкір етпейсің»

Ата-ана баласына бар жиған-тергенін ол соны өтесін деп емес, риясыз махаббаттан шашады. Егер бала үшін бірдеңе жасасаңыз, ол өз таңдауыңыз, яғни өзіңіз жауаптысыз. Бұл фраза кәнілауға көбірек ұқсайды, өйткені осындай сөздер арқылы баланы басқару оңай.

8. «Сен сияқтылардың миллионы бар!»

Бұл сөз тіркесі арқылы ата-ана баласының даралығын мойындамайтынын көрсетеді. Баланың қабілетінің құлдырауына, депрессиялық көңіл-күйге түсуіне, болашақта бірдеңе жасауға құлшынысының болмауына әкеледі.

9. "Ұялсаң етті!"

Баланың мінезіне көңілі толмайтын ата-ана ойын мұндай қатты сөздермен жеткізбесе де болады. Балалық шағында өзін жиі ұятты сезінген балалар болашақта жетістікке жетпейді.

10. «Дәл айтқанымдай келді. Шешеңді(әкеңді) тыңдамадың әне"

Бұл сөз тіркесі арқылы ата-ана өзінің беделін арттырғысы келгенмен, баланың еркіндігін шектейді. Балаға қателесуге құқық беріңіз. Ол өзін, өз түйсігін тыңдап үйренсін.

А. Оралқызы