Балаға ротавирус кезінде қандай тамақ беруге болмайды?

Балаға ротавирус кезінде қандай тамақ беруге болмайды?
Фото: ru.freepik.com

Бала ротавирусты жұқпамен ауырған кезде тамақ ішуден бас тартады. Ағза әлсізденіп кетпес үшін ата-ана баланың тамақтануына аса мән беруі керек. Ротавирус кезінде не жеуге болады және нені беруге тыйым салынады?

Күзде балалар ротавирусты жұқпамен жиі ауырады. Патогенді микроағзалар бала ағзасына кір қол мен лас заттар арқылы түседі. Әсіресе, балабақша мен үйірмелерде ауру ошақтары жиі пайда болады.

Ротавирус гастроэнтеритке (құсу, іш өту, тәбеттің болмауы) және тұмауға (қалтырау, тамақ ауыруы, мұрын бітелу) ұқсас белгілермен басталады. Сондықтан халық арасында бұл ауруды ішек тұмауы деп атайды. Бұл кезде бала тамақ мен сусын ішуден бас тартады және оның жүрегі айни береді. Бірақ аш жүруге болмайды: ағза әлсізденеді және сусызданады. Бірақ педиатрлар баланы тамақ ішуге мәжбүрлемеуге шақырады. Оның хал-жағдайына кіріп, жақсарған кезде кішкентайдан тамақтандыруды ұсынады. Бірақ бұл кезде барлық өнімді бірдей беруге болмайды. Кей өнімдер жағдайды асқындырып жіберуі мүмкін. Ал кейбіреулері, керісінше, сауығу процесін жылдамдата алады.

Басты мақсат — су ішу режимін сақтау

Бірінші күні бала қайта-қайта құсады, сондықтан оның тамаққа қарайтын шамасы да болмайды. Бірақ бұл кезде су ішкізу маңызды. Ата-ана оның су ішіп жатқанын мұқият қадағалау керек. Оған суды әр 5 минут сайын кішкентай-кішкентайдан беріңіз. Арнайы тұзды ерітінділер беруге болады. Себебі бала құсқанда және іші өткенде ол сұйықтық пен микроэлементтерді жоғалтады. Нәтижесінде, оның жағдайы нашарлайды, кейде, тіпті, тырыспа болуы да мүмкін. Егер шара қолданбаса, сусыздану бірнеше сағаттың ішінде пайда болуы мүмкін.

Баланың тәбеті ашылған кезде оны немен тамақтандыруға болады?

- Ішті тоқтатуға көмектесетін өнімдер: күріш, макарон, кептірілген нан;
- Көкөністер қайнатпасы немесе пюре-сорпалар, бұқтырылған көкөністер (қырыққабаттан басқа);
- Сүтсіз дайындалған ботқалар және қарақұмық;
- Қант салынбаған кисель;
- Итмұрын қайнатпасы;
- Сүт және май салынбаған картоп пюресі;
- Суға піскен немесе бұқтырылған балық;
- Буға піскен тауықтан жасалған котлет;
- Майсыз буға пісірілген омлет және суға пісірілген жұмыртқа.

Қандай тамақтар беруге болмайды?

- Ет сорпалары;
- Сүт;
- Дүкен шырындары;
- Сүт қышқылды өнімдер;
- Шикі көкөністер мен жемістер, кепкен жемістер, тәтті тағамдар;
- Майлы ет пен майлы балық;
- Фастфуд және тіскебасарлар (чипсы);
- Цитрусты жемістер, қарбыз, қауын.

А. Жапатова