Қазақ халқының жөні бөлек салт-дәстүрлері

Қазақ халқының жөні бөлек салт-дәстүрлері

Халықпен бірге жасап, өлмей келе жатқан құбылыстың бірі – салт-дәстүр. Халқымызда салт-дәстүр көп-ақ. Бірі тосын, бірі жанға жақын көрінуі мүмкін. Қалай десек те ол дәстүрлерге бізге көне дәуірден жеткен естеліктер. Ендеше халқымыздың осы күнге жеткен кейбір ерекше салт-дәстүрлерін қарастырып көрейік. 

Сүйінші – қуанышты хабар әкелушіге берілетін сыйлық. Дүниеге жас нәресте келгенде, келін түскенде, алыстан сағынған адам келгенде, жоғары атақ берілгенде, үлкен сыйлық алғанда қуанышты хабарлаушы адам сүйінші сұрайды, осы кезде бағалы зат немесе ақша берілуі керек. Қазақтар сүйінші сұрауға жасы келген қарттарды, құрметті адамдарды жұмсамаған. Сүйінші сұрау дәстүрі қазір де бар.

Жерлеу – қайтыс болған адамды жер қойнына беруге арналған ережелер жиынтығы. Қазақ халқының қаза болған адамды жерлеу турасында ғасырлар бойы қалыптасып, тұрмыста бекем орын алған қағида-ережелері шариғат заңдарымен тығыз байланысты.

Садақа – қайтыс болған адамға берілетін ас. Садақада дүниеден өткен кісіге бағышталып құран сүрелері оқытылады.

Барымта – байырғы қазақ қоғамындағы құн дауы, жесір дауы, жер дауы т.б. байланысты билер кескен құн мөлшерін айыпты жақ өтей алмағанда не одан бұлтарғанда, билердің келісімімен құн даулаушылардың қарсы жақтан өрістегі жылқыларды шауып, айдап алып кетуі. Енді сол "барымта" туралы этнограф-ғалым Ш.Уәлиханов: "Біз барымтаны қазақтың өз ұғымымен түсіндіріп көрейік. Қазақта барымтаға кейде заң жүзінде рұхсат етіледі. Урлыққа, тонауға, мал айдап кеткенге айып төленеді, ал барымтаға ештеме төленбейді. Барымта дегеніміз – қайтарылатын қалың мал, төленетін құн үшін, құныкер адамның малын, немесе затын, жалпы өзгенің жеке меншігін тартып алу. Ертеде былай да болған-ды, күшті рулы қазақ өзінен әлсіз қазаққа кісі өлімі үшін, құн немесе тіл тигізіп қорлағаны үшін айып төлемеген, кісі өлтіріп құныкер бола тұра немесе кешірілмес қастық жасай отырып, сотқа шақырғанда келмеген де. Сонда ру мәжілісінің ұйғарымы бойынша, корланған, зәбірленген адам барымта алуға аттанып, ауылын шауып, менменсіген әр көкіректі бас идіреді. Екі жақ келісімге келгеннен соң, ешқандай айыпсыз, барымталанған малының шырқы бұзылмай қайтарылады" деп жазады.

Барымта тападай тал түсте, кажет болған жағдайда күшпен немесе жасырын, түнделеп жасалады. Жасырын барымталағанда үш күннен қалдырмай, егескен адамына мәлімдеп, не үшін жасалған себебін айту керек. өйтпеген жағдайда барымтасы ұрлық саналады. Әдейі жариялап барымтаға шыққанда, қарсы жақ та дайындалып, айбат көрсетіп, жанжал төбелеске ұласып, кісі шығыны да болатын. Мұның бәрі малды айдап әкету болғандықтан, қылмысты іс деп айыпталмайды.

Бата оқу – қайтыс болған адамға Құран шығару, аят, дұға оқу сияқты мұсылмандық құлшылықпен байланысты ұлттық дәстүр.

Көрімдік – жаңа туған балаға, жас келінге, ботаға тағы басқа алғаш көрген сәтте көрімдік сұрау халықтың ежелгі және лайықты дәстүрі. Мұның маңызы алып,беруде ғана емес жақын-жуықтың адамгершілігін, ниетін, ашыққолдығын да танытудың белгісі ретінде қаралады. Байғазы мен көрімдік екеуі екі басқа ұғым. Көрімдік адамға, жандыға, байғазы көбінесе жансыз дүниелерге қатысты айтылады.

Қырқынан шығару - сәби дүниеге келгеннен кейін қырық күн өткенде орындалатын ғұрып. Дәстүрлі ортада бала дүниеге келгеннен кырқынан шыққанға дейінгі алғашқы қырық күндік "өтпелі кезеңді" қауіпті, қатерлі санап, жаңа туған нәрестені шырақ жағып күзетіп, қасынан адам үзілмей бағады. Бала қырқынан шыққанша "сүт тырнағын", "қарын шашын" алмайды. Қырық күннен аман өткен нәрестені "қарақұлақтанды" деп қуанып, "қырқынан шығару" тойын жасайды. Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік, күміс сөлкебай сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құяды. Қазақ ұғымында күміс – адалдықтың белгісі, күміс салыпған су – ең таза су (арам су, уланған ас құйылса күміс ыдыс қараяды) боп есептелінеді және оған жын-шайтан жоламайды.

Иткөйлек – сәбидің қырқынан шығарылғанша киген көйлегі. Сәбидің денесіне батпауы үшін тігісі сыртына қаратылып, жөрмелеп, іліп қана тігіледі. Кейде иткөйлекті көп жасаған адамның киімінің қалдығынан да тіккен. Етегін, шеттерін бүкпей, кең - мол, үлкен етіп тігуі нәрестенің жақсы өсіп, жасының ұзак болуын тілеуден туған. Бала қырқынан шығарылар күні осы уақытқа дейін киген иткөйлегіне түрлі тәтті-дәмділер түйеді де, бір иттің мойнына байлап жібереді. Оны ауыл балалары қуып жетіп, иткөйлекке түйілген тәттілерді бөліп алады да, иткөйлекті иесіне қайта тапсырады. Бұл ғұрып "ит көйлек тастау" деп аталады, мәні сәбидің пәле-жаласын қырық жаны бар хайуан – ит өзімен бірге алып кетеді деп сенген. Балаға иттің жүйрік, ақылы озық, алғыр қасиеттері дариды, сәби күшікше бауырын тез көтеріп, жаны берік, "итжанды" болады деп те ырымдайды. Қазақта "итжанды" деген сөз оның беріктігі мен төзімділігін білдірген. Иткөйлек атының шығуы оның иттің мойнына байлағанында емес, халық итті "жеті қазынаның" бірі деп бағалауында жатыр. Сонымен бірге "баламыз көп болсын" деп, "қиындыққа берік болсын" деген ырым бар.

Тұсау кесер – сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіп аттамасын деген ұғымнан шыққан. Сол жіппен баланың аяғын тұсап, оны жүріс-тұрысы ширақ әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарға баланың тұсауын кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушіге кәдесін береді.

Сүндетке отырғызу – мұсылман болудың белгісі ретінде 5-9 жастағы ер баланың жыныс мүшесіндегі тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын діни ғұрып, дәстүр. Сүндет той – қазақ даласында ежелден сән-салтанатымен ерекше аталып өтетін, көптеген өзіндік жөн-жоралғылары бар той. Бар жақсысын баласына, ұрпағына арнаған қазекем құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесерден кейін сүндет той жасаған. Сүндет той жасау бала қарақұлақтанып қатарға қосылғандығынан бастап ат жалын тартып мініп, азамат атанғандығының алғашқы белгісі саналады. Мұндайда бай-қуатты адамдар ат шаптырып, балуан күрестіріп ұлан-асыр той жасаған.

Ерулік – қазақ тұрмысындағы орны бөлек, дархан да дара салттың бірі. Өмірге сіңген, халыққа мерейлі дәстүр. Жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы береді, дәм-тұз татырып, ықылас-пейіл білдіреді. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсіретпеуді де көздейді. Ерулік қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен (қазы-қарта, жал-жая, т.б.) пісіріледі немесе қой сойылып шақырылады.

Қ. Слямбек