Пәтер жалға аларда нені ескеру керек - риэлтордан 5 кеңес

Пәтер жалға аларда нені ескеру керек - риэлтордан 5 кеңес
Фото: pixabay.com

Қыркүйек-қазан айлары – үйді жалға беру мен алудың нағыз қызатын науқаны. Студент жастар білім алуға ауылдан қалаға, қаладан қалаға ағылады. Тұрғын үй нарығы қызғанымен қоймай, алаяқтардың да бас көтеріп, кәсіп қылатын кезі. Ендеше үйді жалға аларда алаяққа алданудан немесе білместіктен жағымсыз жағдайға тап болудан сақ болу үшін не істеу керек, соны түсініп алайық.

Пәтер жалға аларда қандай кеңестерді есте ұстаған жөн, соны білу үшін Алматылық риэлтор маман Ләззат Ибраевадан сұрап көрдік.

1-кеңес. Құжатқа мән беру

Риэлтордың айтуынша, пәтерді жалға аларда үйдің иесі кім екеніне мән беру керек.

"Ол үшін үйдің иесін растайтын құжаттарды сұрауымыз керек. Ондай құжатқа – жылжымайтын мүлікті сатып алғаны жөніндегі келісімшарт пен үйдің техникалық паспорты жатады. Үйдің иесін білуге осы құжат жеткілікті", - дейді Ләззат Ибраева.

 Келісімшарт үлгісі. Әдетте орыс тілінде жазылады.

2-кеңес. Қарыз бен борыш

Үйдің сатылымда тұрған не тұрмағанына, коммуналды қарыздары бар-жоғына да көз жеткізген абзал.

3-кеңес. Келісімшартқа қол қою

Үйдің иесі кім екенін білген соң, сол азаматпен келісімшартқа отыру қажет. Пәтер иелерінің кейбірі келісімшарт жасағысы келмейді. Бірақ келісімшарт қос тараптың да құқығын қорғауға, келеңсіз жағдайы дұрыс реттеуге көмектесетін құрал.

"Келісімшартқа атүсті қарауға болмайды. Мәтінге, әрбір пунктіге мән берген абзал. Келісімде үйдің жағдайы, мүлкі, жөндеуі, тұрмыстық техникасы – бәрі дұрыс көрсетілуі керек. Жалға алу уақыты, жалға алу құны, коммуналды төлемді кім төлейтіні, қай уақытта жалға алу құны өсетіні – оны да келісімшартқа қосу қажет", - дейді Ләззат Ибраева.

4-кеңес. Депозит беруге мән беру

Маманның айтуынша, депозит беру – өте даулы мәселе. Біреуі беру керек десе, енді бірі қарсы.

"Депозит беру үрдісі Қазақстанда соңғы 2-3 жылда пайда болды. Батыстан келген жаңалық. Депозит алу арқылы үй иесі мүлкін, үйдің жөндеуін сақтандырады. Бұл жағынан дұрыс. Депозит берілгені жайлы келісімшартқа да қосқан жөн. Бірақ менің ойымша, оның сомасы ақылға қонымды болуы тиіс. Кейбір пәтер иелері депозиттің құнын бір айлық жалға беру құнынан да артық сұрайды. Меніңше, бұл дұрыс емес", - дейді ол.

5-кеңес. Ешкімге алдын ала ақша бермеу

Маманның айтуынша, риэлторға да, үйдің иесіне де алдын ала ақша беруге болмайды.

"Келісімшартқа қол қойылып біткеннен кейін ғана, үйдің иесіне де, риэлторға қаржы беріледі. Әсіресе, риэлторға алдын ала ақы беріп қажет емес. Үйді тауып, ол ұнағаннан кейін, мүлік иесімен келісімге келгеннен кейін барып берген жөн", - деп түсіндірді Ләззат Ибраева.

Қазір риэлторлардың көбі фактімен жұмыс істейді. Яғни, нәтиже болғанда ғана ақы алады. Риэлторға жүгіну уақыт пен қаржы үнемдейді әрі алаяққа тап болудан сақтандырады.

Бірақ бұлардың арасында тек жалға берумен ғана айналысатын, күмәнді агенттіктер бар.

"Олар әдетте үйді тауып берместен бұрын 15-20 мың теңге көлемінде ақы сұрайды. Ол дұрыс емес. Мұндай агенттікте шындап келгенде, риэлтор жоқ. Сондықтан мұндай күмәнді ұйымдардан бас тартқан жөн", - дейді ол.

Қ. Слямбек