Азаматтардың айта алмайтын сөзі

Азаматтардың айта алмайтын сөзі
Фото: massaget.kz

Қазақта «ер бала жыламайды», «сен батырсың ғой», «жігіт көп сөйлемейді» деп ұлын көбіне тұйық етіп тәрбиелейді. Содан көп ер адам іші сайрап тұрғанымен, сыртына шығарып ішіндегіні айта алмайды. Егер барлық ер адам әйеліне ашылып сырын айтса, былай дер еді.

Маған ешқандай міндет жүктеме. Тек әр ісімді қолдап, сенім артып отырсаң болғаны.

Мені орайын тауып мақтап қой, бірақ өтірік көлгірсіп жатсаң, сезіп қоямын.

Арамыз қанша жақын болса, сонша қашық та болсын, яғни өз еркіммен өмір сүруге де мүмкіндік бер. Сағынысып қауышатындай арамызда жол тұрсын.

Мені өзгертемін деп әуре болма. Екеуміздің де өз көзқарасымыз бар.

Қатты қысып құшақта, бірақ тұншықтырма.

Өзгелермен әңгімелескенде менің әр сөзімді қолдап отыр, бірақ менің атымнан жауап берме.

Ұнамайтын тұсымды да қабылдай біл. Сонда бірге минусты плюске айналдырамыз.

Мені қалтқысыз тыңда. Бірақ әр сөзімнен мін іздеме.

Сенің пікіріңді сұрасам, өзіңді ақылды көрсетіп, менің алдымда көсемсіме. Жай ғана көзқарасыңды білдір. Бәрібір соңғы шешімді өзім қабылдаймын.

Әр кез маған демеу бол. Бірақ менің мәселемді мойныңа іліп алып, оны өзім шешемін деп тыраштанба.

Барынша қамқор болып, мейіріміңді төк. Бірақ баласына қараған анадай тым өбектеме.

Бұл сөздерді бірі сыйлағаннан, бірі бата алмағаннан айта алмауы мүмкін. Алайда әр әйел затының біліп жүргені абзал. Ер адам жарының бастапқы қалпында өзгеріссіз қалғанын қалайды. Ал әйел заты үнемі ер азаматын жақсы жағына өзгертуге тырысып отырады. Құпиясы сол, ер адам оны зайыбы бар қалпында қабылдай алған кезінде ғана өздігінен жақсы жаққа өзгеруге талпынады.

Келісесіздер ме, азаматтар?

@. @assel_assanova