Жүкті әйелдің күтіну жолдары

Жүкті әйелдің күтіну жолдары
Фото: 24.kz

Бүгінгі таңда жас ана өмірге дені сау ұрпақты әкелу үшін жүктілік кезінде дұрыс күтінуі қажет. Өмірде кездесетін түрлі балалар ауруы осы жүктілік кезінде дұрыс күтінбеуден келіп шығады. Сондықтан төмендегі айтылған дүниелерді жүктілік кезінде қатаң есте сақтаған дұрыс.

Дұрыс тамақтану

Баланың дамуына оң әсер ететтін дәрумендер қажетті мөлшерден аз болмауы қажет. Ол үшін В1, В2, D, E, F дәрумендерін тұтынған дұрыс. В1 – жұмыртқа мен сиыр сүті, сиырдың бауыры, түйебұршақ, т.б. тағамдарда болады. Ал В2 дәрумені ірімшік пен балықта, жұмыртқада, бұршақ майында болады. D – өсімдік майы, сиыр еті, балық, жұмыртқаның сарысында көп болса, Е дәрумені сиыр сүті мен балдыркөкте, өсімдік майында болады. F дәрумені балық майы мен зәйтүн майында, құрғақ, кептірілген жемістерде болады. Сонымен қатар бұл кезеңде құрма жемісін көп тұтынған жөн. Себебі құрмада жоғарыда айтылған дәрумендердің көпшілігі бар.

Суықтан сақтану

Жаздың ыстық күні болса да тым жеңіл киінбеген жөн. Гигиена сақтау үшін аяқ киімді жалаң аяқ кимеңіз. Өйткені тырнақ астына түрлі микробтар кіріп кетуі мүмкін.

Көңіл-күйдің тұрақтылығы

Бала ана құрсағында жатып, 3-4 ай болғанда сыртқы дыбыстарды естіп, сезе бастайды. Сондай-ақ сырттағы дыбыстарды ажырата алады. Сондықтан тәрбие құрсақтан басталғаны дұрыс. Баланың дұрыс дамуына ананың көңіл-күйі мен жайлы мінезі, отбасындағы бірлік пен береке, жылы қарым-қатынас тікелей әсер етеді. Жүктілік кезінде әйел адамға көп ашулануға, жылауға және ренжуге болмайды. Керісінше көңілді жүргені дұрыс. Көңілді өлең тыңдап, бесік жыры, ертегі айтудың маңызы зор. Аяғы ауыр ана күнделікті тұрмыста мейірімділікті, сүйіспеншілікті және бауырмалдылықты қажет етеді. Сол себепті құлақпен тыңдаған, ауызбен айтылған және көзбен көрген жақсы сөздер мен әрекеттер құрсақтағы бала үшін маңызы зор.

Дәрігерге тексерілудің маңызы

Жүктіліктің 6-шы аптасында гинеколог дәрігердің тіркелуіне қабылданған дұрыс. Өйткені баланың дұрыс жетілген-жетілмегенін арнайы аппараттың көмегімен ғана анықтауға болады. Жайшылықта бала дұрыс дамып келе жатқан сияқты көрінгенімен түрлі дерттердің болуы ғажап емес. Алдыңғы балалары шетінеген, түсік тастаған болса немесе қандай да бір гормондық, генетикалық үйлесімсіздіктің туындауынан секемденген жағдайда, жоғары технологиялық мүмкіндіктері бар, жақсы жабдықталған арнайы мекемелерге қосымша қаралған артық болмайды.

Тазалық сақтау

Жүкті әйел тазалыққа аса қатты мән бергені жөн. Жеке тазалық пен үй тазалығына немқұрайлы қарауға әсте болмайды. Әсіресе жеке гигиеналық тазалықты қатаң ұстау қажет. Ал үй тазалығына мән бергенде ғана құрсақтағы бала дұрыс жетіледі. Үйдің ауасын күніне бірнеше рет тазартып тұру мен таза ауада серуендеуді күнделікті дағдыға айналдырған дұрыс. Сонымен қатар үй жануарларын (ит, мысық, үй құстары) ұстамаған дұрыс және бойдағы жаман әдеттерден де тиылған жөн. Шылым шегуді, ішімдік пен газдалған сусындарды ішуді тоқтатқан абзал. Улы, химиялық заттардан аулақ болу (татуаж, маникюр, педикюр, шаш бояу, түрлі-түсті крем) керек.

Қимыл-әрекеттің пайдасы

Кейбір жүкті әйелдер көп қимыл жасайды. Ал кейбіреулері еріншек тартып, көп қимылды ұната бермейді. Бұл дегеніміз ауыр салмақ көтеріп, шамадан тыс шаршау емес. Бүгінде жасы үлкен әжелеріміздің келіндеріне «көп қимылдағаның жақсы, сонда босануың жеңіл болады» деп айтып жатқанын жиі құлағымыз шалады. Алайда сол кісілердің сөзінде үлкен ғылыми негіз бар. Өйткені көп қимылдағанда бала өз уақытымен дамып, жетіледі. Ал егер қимыл-әрекет аз болса іштегі бала өз қалпынан тыс өсіп, толғақ кезінде біршама қиындықтарға ұшырайды. Қимыл-әрекеті аз болған әйелдердің толғағы ұзағырақ болады. Сондықтан әр кезеңге арналған арнайы дене жаттығуларын жасау керек (йога). Тым болмағанда үй шаруасымен көбірек айналысқан дұрыс. Жүктіліктің соңғы кезеңінде дұрыс босану барысы туралы арнайы курстарды немесе ғаламторда онлайн тегін сабақтарды қараған дұрыс. Бұл сабақтардың жас аналар үшін үлкен пайдасы бар екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар жүктілік кезінде өте кеш ұйықтаудан сақтанған дұрыс. Себебі адамның ағзасында физиологиялық сағат болады. Әр сағатта әр ағзаның өзінің демалу, жұмыс істеуге белсенді уақыттары болады. Мысалы, 23:00-ден 03:00-ге дейін бауыр, өт ағзалары демалады. Сондықтан дәл осы уақыт жүкті әйелдердің күш-қуат жинайтын кезі.

Н. Үсенова