Әлемдегі ең егде ерлі-зайыптының отасқанына – 80 жыл

Әлемдегі ең егде ерлі-зайыптының отасқанына – 80 жыл
Фото: vk.com

106 жастағы Джон Хендерсон мен оның 105 жастағы зайыбы Шарлоттаның отасқанына биыл 80 жыл толған. Олар осыған дейін Гиннесстің рекордтар кітабына "Әлемдегі ең кәрі ерлі-зайыпты" ретінде еніп үлгерген болатын.

"Бәрі 1934 жылы зоология сабағынан басталған", – деді The Washington Post журналына берген сұқбатта. Дәріс оқылатын аудиторияда студенттер әліпби бойынша отырғызылатын. Сол кезде 21 жастағы Джон 20-дағы Шарлоттаның қасына келіп отырады. Оған қыз баланың тым ұяң екені қатты ұнайды. Алғашқы кездесуді Шарлотта: "Маған ол бірден жақсы жігіт секілді көрінді. Мен оның маған қайта-қайта қарай бергеніне қарсы болмадым", – деп еске алды.

Джон 1913 жылы Техас штатындағы Форт-Уэрт қаласында дүниеге келген. 1930 жылы ол Техас университетіне оқуға түсіп, Остинге аттанады. Сол жерде ол жергілікті футбол командасының қорғаушысы болып ойнаған.  

Шарлотта 1914 жылы Айова штатында дүниеге келген. Ол 20-ға аяқ басқан кезде туған әпкесінің жолдасы апаттан қайтыс болып, оны қолдау мақсатында отбасы түгел Техасқа қоныс аударады. Кейін Шарлотта Техас университетіне оқуға түсіп, сол жерде Джонмен танысады.

Ғашықтар 1939 жылы, яғни, оқу бітірген соң бірден үйленеді. Содан жұбы жазылмаған.

Екеуінің есту қабілеті сыр бергенімен, өздерін өте жақсы сезінеді. Жас кездерінде қол ұстасып көп саяхаттаған. Оңтүстік Америка, Скандинавия, тіпті, Қытайда болып, өзге де елдерге кемемен сапар шеккен.

"Біз ешқашан балалы болмадық. Ұзақ өмір сүруіміздің құпиясы осы болса керек ", – деп қалжыңдайды Джон.

Өмір бойы бір шаңырақ астында өмір сүрудің құпиясын сұрағандарға ерлі-зайыпты былай деп жауап береді: "Қандай кикілжің болса да, оны шешпей ұйқыға жатпаңдар. Ерлі-зайыптылар ешқашан бөлек төсекте ұйықтамауы тиіс ".

А. Оралқызы