Сенбілік... Дақтарды кетіру оңай

Сенбілік... Дақтарды кетіру оңай

Сенбі күні - тазалық күні.  Әр үйден табылатын нәрселерді орнымен пайдалана білу - нағыз өнер. Ендеше, мына кеңестерімізге құлақ түріңіздер.

Тұзды үйде қолдану жайлы жазып өткен едік. Соған қосарымыз әлі де бар.

  • Адам терлеген кезде ашық түсті киімнің қолтығында сарғыш дақтар қалып қояды. Осындай киімдерді жумас бұрын, тұз ертітіндісіне салса, дақтар тез кетеді.
  • Жаңа сатып алынған джинсы шалбары тым қатты болса, кір жуатын ұнтаққа 1/3 бөлік тұз салып жуыңыз, шалбарыңыз жұмсарады. 

 

Ас содасы  ыдыс-аяқты жақсы тазартады.

  • Шыны, фарфор, күміс ыдыстарындағы май мен дақтарды ерекше жақсы кетіреді. Ыдыстағы жағымсыз иістерді де жояды.
  • Күмістен жасалған қасықтардың жылтырын қайтарады. Ол үшін кастрөлге ыстық су құйып, жарты стақан ас содасын қосыңыз. Осы суда қасықтарды шайыңыз.
  • Ескі жиһаздағы жағымсыз иісті кетіру үшін оның ішіне құрғақ ас содасын сеуіп қойыңыз. 1-2 сағаттан соң, шаңсорғышпен жинап алыңыз. 

 

Лимон шырыны  майлы кірді жақсы тазартады.

  • Жаңадан сығылған лимон шырынын майлы даққа жағып, жарты сағатқа қоя тұрыңыз. Үстінен ас содасын сеуіп сүртсеңіз, майлы кір бірден кетеді.
  • Ағаштан жасалған жиһазды жылтырату үшін зәйтүн майы мен лимон шырынының 2:1 есебіндегі қосындысын қолданыңыз. 
  • Сарғайып кеткен ақ киімдерді жаңарту үшін оны лимон тілімдері қосылған ыстық суға салыңыз.
  • Темірдің таттанып кеткен жерлерін тұз бен лимон шырыны қосылған ерітіндісімен сүртсеңіз болады.

 

Сия дағын кетіру 

  • Жаңа тиген сия дақтарын кетіру үшін ерітілген мүсәтір спиртімен ас содасын (бір стақан суға 1-2 шай қасық) қолданады. Сондай-ақ, жаңа түскен дақтар сүтпен де жақсы кетіріледі. Ашыған сүтті де қолдансаңыз болады. Дақ түскен киімді сүтке бірнеше сағатқа малып, кейін киімді мүсәтір спирті ерітіндісімен жуыңыз.
  • Дақтың айналасында шеңберлер пайда болмасын десеңіз, матаның дақ түскен жерін жумас бұрын жіппен түйіп қойыңыз.
  • Сия дақтарын 1:2 қатынасындағы сірке суының ерітіндісімен кетіруге болады (жібектен басқа). Ерітіндімен дақ түскен жерді дымқылдатып, саусақпен сығымдайды. Қажет болса, қайталап, сумен шайыңыз.

 

Форумда талқылайық.