Балаңыз тез қадам бассын десеңіз...

Балаңыз тез қадам бассын десеңіз...
Фото: pixabay.com

Әдетте, бала он айлығында еңбектеп, жорғалап, аяғынан тік тұрып, тірекке сүйеніп үйренеді, енді өзі жүре бастайтын уақыт келді. Дегенмен әр баланың дамып-жетілуі әртүрлі, бірі 8-9 айда өздігінен жүріп кетсе, енді бірі бір жастан асқаннан кейін ғана жүре бастайды. Қай уақытта қадам баса бастаса да, оған ұрсып, кедергі келтірудің қажеті жоқ, керісінше, көмектесіп, қолдап, әр қадамы сайын мақтап қойыңыз.

Бала тезірек жүріп кетуіне көмектесетін бірнеше әдіс бар. Бірақ сіз алдымен баланың өзі оған дайын ба, жоқ па – осыны анықтап алыңыз.

Егер сәбиіңіз аяғына нық тұрып, жылдам еңбектеп, жорғалап, өзі отыра алатын болса, демек уақыт жетті. Осы кезеңде бала еденде жорғалап, диванға не жиһазға жақындап, қолымен демеп, аяғымен тыпырлап тұруға талпынады. Сол кезде анасы оны демеп, баланың жағалап жүруіне көмектесуі керек.

Енді жүре бастаған кезде бала жиі құлайды. Ата-анасы оған бола уайымдауының қажеті жоқ. Осылай-осылай бала өзі ақырын, мұқият жүруге дағдыланады. Бірақ құлай-құлай үйренеді демей, үнемі оның жанында жүріңіз. Бала сүрініп кеткенде ғана қолынан ұстаңыз. Арқасын мертіктіріп алмас үшін ақырын ұстап алуға тырысыңыз.

Жүріс арбасы (ходунки) да баланың тез жүруіне ықпал етеді. Бала аяғын нық баса алатын болғаннан кейін, бірер апта өткенде баланы жүріс арбасына үйретсеңіз болады. Бірақ бала бірден аяғын басып, ары-бері жүру керек екенін білмейді, сондықтан оған қалай қадам басуды көрсетіп, үйретіңіз.

Кей ата-ана жүріс арбасының кесірінен балада майтабандық пайда болып, жүруі кешеуілдеді деп шағымданады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін мына ережелерді есте сақтаңыз.

Біріншіден, бала жүріс арбасында ыңғайлы, өлшемі аяғына сәйкес аяқ киіммен жүруі керек. Аяқ киімді де жұқа шұлықпен киюі маңызды. Қымбат, ортопедиялық аяқ киім алудың қажеті шамалы, жай ғана алқымы биік (высокий подъем), табаны қатты аяқ киім таңдай білсеңіз жетіп жатыр. Сонда бала аяғының ұшымен жүру, қисық басу сияқты келеңсіздіктерге де тап болмайды.

Екіншіден, балаңыз жүріс арбасымен қаншалықты жиі жүретін болса да, онсыз-ақ аяқ киімнің өзімен баланы жүргізуді ұмытпаңыз. Аяқ киімін кигізіп, көшеге алып шығып, жаяу жүргізіп көріңіз.

Үшіншіден, бала жүре бастаған кезде оған күнделікті массаж жасап, табанына допты дөңгелетіңіз.

Ерте жүрген баланы бассейнге де апарсаңыз, пайдасы мол болмақ.

@. @assel_assanova