Отбасының бала тәрбиесіндегі рөлі

Отбасының бала тәрбиесіндегі рөлі
Фото: m.mia.com

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» - деп Абай атамыз айтқандай, отбасы – баланың өсетін, алғашқы тәрбие алатын ортасы. Оның беделі балаға айрықша ықпал етеді. Себебі, отбасында баланың мінез-құлқы, әдет-дағдысы қалыптасады. Ал, осы жанұя беделін түсіретін ондағы ата-әже, іні-қарындас, ағайынның ұнамсыз мінез-құлықтары болып табылады. Ол қандай мінездер? Ендеше төменге түсіп таныса отырыңыздар.

Өзімшілдік

Отбасындағылардың балаларын тек қатаң түрде бұйырып қана жұмыс істетуі, олармен ақылдаспауы, оны да адам-ау деп санаспауы, т.б. жағдайларда балалардың өз бетінше ойлауы, өз бетінше пікір айтуы кемшін болып жатады.

Ақылгөйлік

Ата-ана бір айтқан ақылын тәптіштеп, қайта-қайта айта берсе, баланы жалықтырып, мезі етіп жібереді. Келешекте сөзді жүре тыңдауға дағдыландырады. Бала ондай көп сөзді ақылға назар аудармауды әдетке айналдырады.

Өркөкіректік

Отбасы мүшелерінің өздерін басқалардан жоғары ұстауы, менсінбеуі. Мұның нәтижесінде баланың бойында мақтаншақтық, өркөкіректік, менмендік, т.б. жат қылықтар қалыптасуы әбден мүмкін.

Орынсыз кеңпейілділік

Баланы тыңдату үшін орынсыз кеңпейілділік көрсетудің де кері әсері болады. Яғни балиғат жасқа толмаған балаға ақша да береді, керекті-керексіз түрлі киім-кешек пен ойыншықтар, т.б. мұндай жағдайда бала бойына қыңыр, қырсық, ылғи да тек қана талап етушілік сияқты масылдық қасиеттер қалыптасады.

Жалған жақсы көру

Өтірік жақсы көру балаға  кері әсер етеді. Баланы дұрыс тыңдасын, тілімді алсын деп тіпті, тамақты дұрыс ішпесе: «Сен анаңды жақсы көрмейді екенсің,  сен әкеңді жек көреді екенсің!» - деп айтатындар да кездеседі. Мұндай отбасында жәдігөйлік, жалған сүйіспеншілік сезімі қалыптасады.

Жағымпаздық

Адамгершілікке нағыз жат қасиет.  Баланы тыңдату үшін әртүрлі сыйлықтар алып беру, уәде беру оны жаман мінез-құлықтарға баулиды. «Мені тыңдасаң, велосипед алып беремін, циркке алып барамын» дейтіндер де бар ғой. Отбасында ата-ана арасында өзара сыйластық, ынтымақтастық өз дәрежесінде болмаса, мұның салдары бала тәрбиесіне әсер етпей қоймайды. Кейбір ата-аналар баласын өз жағына тарту үшін педагогикаға жат, әртүрлі іс-әрекеттерге, қарым-қатынасқа барады. Бала осыны пайдаланып, ата-анасының біреуін, кейде тіпті екеуін де құрметтеуді қояды, тіпті жек көріп кетуі де мүмкін. Мұндай отбасында тәрбиеленген бала болашақта «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүретін, өзіндік пікірі жоқ, істің барысына қарай икемделгіш адам болып шығады.

Н. Үсенова