Бала тәрбиесі: Ата-ананың 5 қорқынышы

Бала тәрбиесі: Ата-ананың 5 қорқынышы
Фото: massaget.kz

Әр ата-ана бала тәрбиелеуде қандай да бір қателік жіберуден қорқады. Алайда ата-ана қорқынышының көпшілігі орынсыз болып келеді. Бала тәрбиелеуде неден қорықпау керектігін білгіңіз келсе, төменге көз жүгіртіңіз.

1. Өз қателігін мойындау қорқынышы

Ата-ана "менікі дұрыс болмады" деп айтқанда үлкендердің де қателесуі мүмкін екенін көрсету арқылы балаға қателік жіберуге мүмкіндік бергендей болады. Ересек адам өмірінде бірде-бір қателік жібермей алға қарай жылжи алмайды. Ол қателіктер арқылы тәжірибе жинайды. Сондықтан балаға өзіңіздің дұрыс жасамағаныңызды (қателік жібергеніңізді) айтудан қорықпаңыз. Оның орнына адам өз күшіне сенсе, қателікті түзеуге болатынын және оны мойындаудан қорықпау керектігін үйретіңіз. Егер балаға қателік жасағаныңызды ешқашан көрсетпесеңіз, бала қандай да бір қателік жібергенде өзін іштей кінәлі сезінеді: ол өзін әке-шешесіндей "мінсіз" емес деп ойлап, өзін "жаман" адам санайды. Сол үшін баламен әрдайым шынайы болуға тырысыңыз. Тіпті, қандай да бір қателігіңізді бала өсіп кеткен соң түсінсеңіз де, кешірім сұрау ешқашан кеш емес.

2. Біліксіз болып көріну қорқынышы

Ата-ананың көпшілігі бірдеңені білмей қалудан және бала сұрағына "мен білмеймін" деп жауап беруден қорқады. Әрине, барлық ата-ана баланың көзіне бәрін білетін, тәжірибесі мол адам ретінде көрінгісі келеді. Алайда, егер бірдеңені білмесеңіз, баланы бірге үйренуге шақырған дұрысырақ болады. Сіз бұл әрекетіңізбен адам өмір бойы даму үстінде болатынын және адам бірдеңені білмесе, шынайы қызығушылық арқасында кез келген нәрсені зерттеп біле алатынын көрсетесіз. Содан соң бала өмірдің қызыққа толы екенін және көп нәрсені біле тұра қарапайым затты білмей қалуда тұрған ештеңе жоқ екенін түсінеді. Сондықтан алға қарай жылжыңыз, балаңызбен бірге дамыңыз және қандай да бір сәттерде кей нәрселерді сіз баладан үйренетініңізді мойындаудан қорықпаңыз!

3. Асыра мақтап жіберу қорқынышы

Ата-ана сырттан (атасынан, әжесінен, көршілерден және т.б) "баланы көп мақтама, "өзімшіл" болып кетеді" деген сөзді жиі естиді. Содан соң ата-ана баласына жиі жақсы нәрсе мен мақтау сөздер айтудан қорқады.

Егер бала психологиясын жас ерекшелігі бойынша қарастырсақ, нәрестені жаңа туылған кезден бастап 6 айға дейінгі аралықта кез келген нәрсе үшін мақтай беру керек. Себебі осы аралықта баланың өзін-өзі бағалау қасиеті қалыптасады және ол тек анасы арқылы беріледі. Сондықтан анасы нәрестені қолға алған сайын жылы жүзбен қарап, бірдеңе бүлдіріп қойса да, күлімсіреп, әрдайым еркелетіп отыру керек. Себебі ол әлі ештеңені түсінбейді, ол тек "мен жақсымын" және "мен жаманмын" дегенді ғана біледі. Осындай жақсы қатынаста, әрдайым мақтау естіп өскен бала ата-анасын үнемі қуантып тұрғысы келеді. Ата-анасын қуантып, олардан мақтау естігісі келу – әр бала үшін табиғи қажеттілік. Олардың өзін-өзі бағалауы ата-анасының реакциясына тікелей байланысты. Кейде баланың жасағаны "онша емес" болып шықса да, "тырысқаның үшін жарайсың", "сен жаңа нәрсені бастаудан қорықпайды екенсің" немесе "ешнәрсе бір сәтте-ақ керемет боп шықпайды" деген сияқты сөздер айту арқылы баланың жаңа нәрсе жасауға деген ынтасын жоғалтпауға тырысыңыз.

Сонымен қатар, баланы түрлі "әдіс-айламен" мақтау керек. Әдетте, жақсы әрекетке тек бір сөз – "жарайсың" деген қолданылады да, ал жаман әрекетке түрлі сөздер түрлі эмоциямен айтылады. Осы жерде бір қулық бар: көпшілік бала бір ғана эмоциямен айтылған "жарайсың" деген сөздің орнына түрлі эмоция қолданылатын негативті сөздерді естігенді ұнатады. Сондықтан ол ата-ананың зейінін аударту үшін және сол реакцияны көру үшін жаман әрекеттер жасайды. Сондықтан балаға тек "жарайсың" деп қана қоймай, "тамаша", "қандай керемет", "ғажап", "тек алға" және т.б сөздерді айтудан шаршамаңыз.

Балаға қандай да бір шектеу қоймасаңыз, кез келген сұраған ойыншығын алып берсеңіз, ешқашан "жоқ" демесеңіз, ол сонда ғана өзімшіл болады. Ал мақтағаннан бала өзімшіл болмайды. Әрине, баланың әр салған суретіне "керемет" деудің қажеті жоқ, бірақ оның әрекетіне қолдау білдіріп, "ақылдым сол, үнемі бірдеңемен шұғылданып отырасың" деген сияқты жағымды реакция бергеннен балаға еш зиян болмайды.

4. Ата-әжесінің негативті әсерінен қорқу

Балаңызды ата-әжесінен қызғанбаңыз, себебі сіздің мақсатыңыз – баланы тәрбиелеу болса, олардың мақсаты – немерелерін жақсы көру. Ата-әжесінің немересін қатты еркелетуі – табиғи құбылыс. Баланың әке-шешесімен байланысы ата-әжесінікіне қарағанда күштірек, сондықтан ата-әжемен бірге тұрсаңыз да не бала жаз сайын ата-әжесіне демалысқа барса да, ол көп жағдайда өзінің алдағы өмірінде ата-әжесінің отбасылық үлгісін емес, әке-шешесінікін қолданады. Ал оның ата-әжесімен қатынасы жылы естеліктер болып қалады. Бірақ өзінің өмір сүру қағидасын әке-шешесінен алады.

Отбасыда бірнеше ұрпақ бірге тұрса, әрине, кейде түсініксіз мәселелер туындайды: сіз балаға тәтті жеуге тыйым салсаңыз, ата-әжесі беріп қояды немесе балаға теледидар қарауға тыйым салсаңыз, ата-әжесі рұқсат береді және т.б. Содан соң олармен сөзге келесіз, оның бәрін бала көріп өседі. Көрмесе де, сезеді. Ал мұндай қатынастар балаға жағымсыз әсер етеді, оның үстіне бала сіздің үлкен кісілермен қалай сөйлесетініңізді көреді. Ал болашақта сіз де сол үлкен кісілерге айналасыз. Сондықтан кез келген жағдайда қаншалықты қиын болса да, ата-әжелерді бар болмысымен қабылдай білу балаға да, сіз ге де жақсы болады.

5. Баланың дамуына жеткілікті уақыт бөлмеу қорқынышы

Заманауи өмірдің бір мәселесі – ата-ананың баланы ерте дамытуды ойлауы. Қазір ол сәнге айналды десек қателеспейміз. Көпшілік ата-ана баласын 1 жастан бастап түрлі үйірмелерге беруге тырысады.

Баланың ағзасында мектепке барғанға дейін маңызды өзгерістер болады: нейрондық байланыстар қатая түседі және ішкі органдары қалыптасады. Осы маңызды нәрселерге кететін күш сабақ оқуға, зейін қоюға немесе күніне бірнеше үйірмеге баруға кетеді. Сонымен қатар, баланың үйірмелерге барғаны үшін өзіңіздің ресурсыңызды құртасыз, содан соң нәтиже көрмесеңіз, балаға ашуланасыз. Сондықтан әр нәрсеге дұрыс тепе-теңдік керектігін ұмытпаңыз. Әрқашан өзіңіздің материалдық, физикалық, эмоциялық мүмкіндіктеріңізді және баланың қалауы мен мүмкіндігін ескеріңіз.

А. Жапатова