Бөлме гүлдерін күту: Гиацинт

Бөлме гүлдерін күту: Гиацинт
Фото: pixabay.com

Гиацинт (Hyacinthus) – қасқыржем тұқымдасына жататын көктемде гүлдейтін әдемі баданалы өсімдік. Ол ежелгі грек тілінен "жаңбыр гүлі" деп аударылады: гиацинт көктемнің алғашқы жаңбырымен бірге гүлдейді. Сонымен қатар, гректер оны "қайғы гүлі" деп те атаған.

Гиацинт Орта Азия мен Шығыс Жерорта теңізінен шыққан. Гиацинттің пайда болуының мифтік нұсқасы бар. Ежелгі грек аңызы бойынша, керемет сырт келбетімен, ақылымен және дарынымен ерекшеленген Гиацинт есімді жас жігіт болған. Ол байсалды Аполлон құдайының мейірбанына ие болған. Адам мен құдай жақын достарға айналады. Бұл басқа құдай – жел құдайы Зефирге ұнамайды. Қызғаныш сезіміне бой берген Зефир Гиацинтті өлтіреді. Бірақ ғажап нәрсе орын алады: жігіттің қаны тамған жерге өте әдемі гүлдер өсіп шыққан. Бұл гүлдер кінәсіз қайтыс болған жігіттің атымен аталып, оны ежелгі гректер салттарға қажетті атрибут ретінде қолданған.

Гиацинт Еуропаға 3 ғасыр бұрын голландық ғалымдармен бірге келіп, бірден кең таралып кеткен. Гиацинттің пішіні – баданалы көпжылдық. Әдемі, түрлі түсті масақ тәрізді гүлшоғырымен қатар гиацинт қанық жасыл түсті науалы жапырақтарымен мақтана алады.

Қазіргі кездегі гиацинттердің барлығы шығыс гиацинт түрінен және оның түр тармақтарынан (шығыс прованс және шығыс ақ гиацинт) алынған.

Шығыс гиацинті – биіктігі 30 см-ге жететін көпжылдық өсімдік. Сұрыбына байланысты гиацинт сәуірдің ортасынан мамырдың ортасына дейін гүлдейді. Оның гүлдерінің түстері сары, күлгін, көкшіл, алқызыл және көк болуы мүмкін. Бір шоқ тәрізді гүлшоғырда 35 гүлге дейін түзіледі. Олардың орнына қауашақ-жемістер пайда болады. Өсімдіктің гүлденуі 10-15 күнге созылады.

Қазір гиацинттің буданды сұрыптары өте көп. Солардың ішінде, мыналар ерекше болып келеді:

- Borah – ақшыл көкке боялған гүлдері бар гиацинт;
- Anna Marie – нәзік алқызыл гүлдері бар гиацинт;
- Grand Blanche – алқызыл-кремді жарқырауы бар ақ гүлді гиацинт;
- La Victoire – таңқұрай түстес гүлдері бар шағын гүлшоғыры бар гиацинт;
- Prince Arthur – түкті гүлдері бар гиацинт.

Қыш құмырадағы гиацинтті өсіру үшін оған қажетті өсіру шарттарын білу қажет.

Жарық түсіру. Бұл әдемі өсімдік өсіп-өнуі кезінде көп мөлшердегі күннің көзін қажет етеді. Алайда, оны тіке күннің астында ұстамай, жайлап көлеңкелеп қорғаған жөн. Бірақ жарық түсіру уақытын шектеудің қажеті жоқ, себебі гиацинттің ұзақ гүлденуі үшін 12-15 сағат аралығындағы жарық қажет. Қыста гиацинтті жасанды жолмен жарықтандыруға болады. Ал гүлдемеген кезінде оның баданасын жарық түспейтін жерде сақтайды.

Температура. Жылулық режим гиацинттің фазасына қарай өзгеріп отырады. Мысалы, бүршік шығу мен гүлсидам пайда болу кезіндегі қолайлы температура +8+10º градусты құрайды. Гүлдену кезінде гиацинтті +18+20º градус температурада ұстау керек. Ал тыныштық кезінде (гүденбеген уақытта) баданасын +5º градус температурада сақтау қажет.

Ауа ылғалдылығы. Гиацинтке орташа деңгейдегі ауа ылғалдылығы жеткілікті. Ереже бюойынша, гиацинт су шашуды қажет етпейді.

Топырақ. Гиацинтке арналған қыш құмыра үлкен болмауы керек. Қыш құмыра түбіне сапалы дренажды қабат жасап, оның үстіне топырақ салады. Субстратты құм мен жертезектен жасайды. Дүкеннен дайын жер қоспасын алуға болады. Топырақты ылғал етіп ұстайды. Гиацинт топырағының беткі қабаты құрғақтана бастағанда суару керек. Гүл топырағының кеуіп кетуіне және қатты ылғал болуына жол бермеңіз.

Гиацинт тыныштық кезеңінде көбірек күтімді қажет етеді. Ол гүлдеп біткен соң жапырақтары сарғая бастайды. Сол кезде оны қазып алып, баданасын кептіріп, жерден, жапырақтардан тазалап, қараңғы және жылы жерде сақтау керек.

Гиацинтті көктету процедурасы арқылы 8 наурызға да, жаңа жылға да гүлдетуге болады. Ол үшін қазылған бадананы +30º градус температурада және жоғары ауа ылғалдылығында 2 апта, содан соң температураны +25º градусқа түсіріп, тағы бір апта ұстаңыз. Соңында температураны +17º градусқа дейін түсіріңіз. Енді құмыраға отырғызуға болады. Мысалы, егер гиацинттің қыста гүлдегенін қаласаңыз, баданасын қырқүйектің ортасына қарай отырғызыңыз.

А. Жапатова