Балаға мультфильм көрсету ережелері

Балаға мультфильм көрсету ережелері
Фото: youtube.com

Мультфильмдердің пайдасы көп, олар дұрыс және мейірімді нәрселерге үйретеді. Бала мультфильмнен достасуды үйренеді, отбасылық құндылықты бағалайды, аяушылық білдіруді, өзіне сенуді және басқаларға көмектесуді меңгереді. Өзіңіз қараған мультфильмдерді еске түсіріңіз, сүйікті кейіпкерлеріңізді ойлаңыз. Балалық шағыңыздың кейіпкерлері мен сол кездегі көңіл күй мәңгі есте қалады. Сондықтан балаға мультфильм қарауға рұқсат беру керек. Алайда қазір контент қолжетімді болғандықтан, мультфильм көрсетудің нақты ережелерін ескерген жөн.

1. Мультфильмді баламен бірге көру

Мультфильмді баламен бірге көруді әдетке айналдырыңыз. Қолыңыз босамай жатса, бос уақыт болғанда ғана қосып, бірге қараңыз. Өкінішке орай, қазір аналардың барлығы баланы мультфильммен алаңдатып, өздері шаруаларын бітіреді. Оны баламен қарау маңызды. Біріншіден, бала қарайтын контентті бақылай аласыз. Себебі, қазір кішкентай баланың өзі youtube-тан өзі қалаған мультфильмді оңай тауып алады. Екіншіден, бала мультфильдегі қандай да бір сәттен қорқып кетуі мүмкін. Сондықтан оның жанында бола білу керек, оның неден қорқатынын, ұялатынын байқап отырыңыз. Әркез мультфильм сюжеті балаға түсінікті болып келмейді, сондықтан оның жанында болып, түсінбеген жерін түсіндіріп, анықтап, не нәрсеге екпін қойылғандығын айтып отыру керек. Сөйтіп, бала дамиды, жаңа нәрселерге үйренеді. Сол кезде мультфильм қарау жай әуесқойлық емес, сонымен қатар пайдалы уақыт өткізуге айналады.

2. Мультфильді күніне 1 сағаттан артық қарамау

Мультфильді аз уақыттан қараған жақсы. Бала ұзақ уақыт бір нәрсеге қарап отырғанда көзін сирек жұмады, соның себебінен көздің мүйізгек қабығы ылғалданбайды және көз шаршайды. Сонымен қатар, мультфильмдегі жылдам ауысқан кадрлар, суреттер және монтаж себебінен ми жұмысы баяулайды. Балалардың кішкентай кезінде миы белсенді дамуы керек. Ал ұзақ уақыт мультфильм қарау керісінші, олардың дамуын баяулатады. Сондықтан күнде мультфильмнің бір сериясын немесе бір шағын түрін көрсеткен жөн. Мысалы, таңертең балабақшаға барарда бір сериясын көрсетіп, ұйықтар алдында тағы бір сериясын немесе сүйікті шағын мультфилімін көрсетіңіз.

3. Мультфильмді жасына қарай таңдау

Мультфильм баланың қабылдау қабілетіне байланысты жасалады. Мысалы, 3 жасқа дейінгі балалар сюжетті, кейіпкерлерді түсіне алмайды. Ондағы көп элементтер оның көзін шаршатады. 2 жастағы балаларға арналған мультфильмдердегі кейіпкерлер жай ғана шарлар болуы мүмкін. Онда пішіндер, музыка, қарапайым қозғалыстар, би болады. Егер балаға өзінің жасынан жоғарыға арналған мультфильм қоссаңыз, ол ештеңе түсінбей, бекерге көзі және басы шаршайды. 5 жасқа дейінгі бала 1,5 сағат қозғалмай, бір орында мультфильм қарап отыруы – қалыпты жағдай емес. Мұндай жастағы бала әрдайым қозғалыста болып, мультфильм қарауға қатты қызықпауы керек. Егер мультфильнің алдында қозғалыссыз отыра берсе, тәуелділік пайда болғанын және оның "жабысып" қалғанын білдіреді.

4. Зиянды мультфильмдерді тізімнен алып тастау

Зорлық-зомбылық, төбелес, жазалау, мазақ ететін жағдайлар көрсетілген мультфильмдерді көрсетпеңіз. Сонымен қатар, қайталамалы әрекеттер жасалатын видеоларды көрсетпеңіз, көпшілік олар балаға түстерді ажыратуға, олардың қалай аталатындығын үйретеді деп ойлайды. Негізгі түстерді, пішіндерді және әріптерді балаға қағаздан немесе ойыншықтан көрсетіп, өзіңіз үйреткеннен тез қабылдайды. Ал мұндай видеолар жай баланы алаңдатады. Сонымен қатар, бұл видеолардың дыбысы жаман болады, құлақты ауыртады. Мультфильм баланы алаңдатуға арналған видео емес, бала одан пайдалы нәрсе алуы керек. Мысалы, сіз жай алаңдататын нәрсе қарайсыз ба? Жоқ, сіз қызықты видео қарайсыз. Қараған нәрседен пайдалы мағлұмат, жақсы көңіл күй, жаңа білім алуға тырысасыз. Сіз уақытыңызды болмайтын нәрсеге жұмсағыңыз келмейді, сол секілді балаңыздың да қымбатты әр сағатын бекерге өткізбеңіз.

5. Мультфильмді үлкен экраннан көру

Мультфильмді планшет немесе ұялы телефоннан емес, мүмкіндік болса, теледидардан көрген дұрыс. Экран қаншалықты кіші болса, баланың көзі мен миы соншалықты көбірек күш салады. Бөлме қараңғы, бірақ экран қатты жарық болған кезде де қарамаған жөн. Мультфильмді жолда көрсетпеу керек. Иә, бала міндетті түрде жылайды. Құлағыңыз тыныш болу үшін амалсыз ұялы телефонды беріп қоясыз. Бірақ бала 3-4 сағат бойы кішкентай экраннан басын алмай қарап отырса, көзі мен басы қатты ауырады. Оның орнына өлең айтып, билеп, қандай да бір ойындар ойнатқан немесе ұйықтатқан жақсы.

Мультфильмнің пайдалы тұстары көп. Егер оны шектеулі уақыт қараса, жасына сай таңдалса, пайдалы түрі болса, оның еш зиян болмайды. Бала мультфильм қарайтын уақытты асыға күту керек және ол уақыт оған қатты ұнауы керек. Баяғыда өзіңіздің мультфильмді асыға күткен кезіңізді есіңізге түсіріңіз. Үйде нақты ереже орнатылса, бала да сол тәртіпке үйренеді.

А. Жапатова