Балалардың жүрегі айнуын басуға көмектесетін кеңестер

Балалардың жүрегі айнуын басуға көмектесетін кеңестер
Фото: pixabay.com

Көпшілігінің балалық шақтан қалған жағымсыз естеліктерінің бірі – машинада жүрек айнуы. Қазір осы мәселе балаларыңызды мазалап жүрсе, мына кеңестерге зер салыңыз.

Тербелу («теңіз ауруы») – мидың түсініксіз күйде болатын жағдайы, себебі көз қозғалысты белгілейді, ал вестибулярлық аппарат дене тыныштықта тұрғанын айтады. Ми жаңылысады да, өзін "біртүрлі ұстай" бастайды: адам тәбетін жоғалтады, бозарады, терлейді, ұйқысы келеді, әлсірейді (балалар еркелей бастайды), бас айналады, жүрек айниды, құсады. 

2-12 жастағы балаларда және гормондық өзгеріске ұшыраған әйелдерде тербеліс жиі болады.

Машинада баланың жүрегі айныса не істеу керек?

1. Тәртіп бойынша рұқсат болса, баланы алдыңғы орынға не артқы орынның ортасына отырғызыңыз. Бұл жерлерде аса көп тербеліске түспейді.

2. Ауаны тазарту үшін терезені ашыңыз. Баланы шешіндіріп, жеңілдетіңіз.

3. Өткір иістерден аулақ болыңыз. Автокөлікке арналған иіссудан бас тартыңыз және көлікте ешкім темекі тартпауын сұраңыз.

4. Жолға шығарда тамаққа тойғызбаңыз. Майлы, қуырылған, сүтті тағамдардан және газдалған сусыннан бас тартыңыз. Жолға шығар алдында 1-1,5 сағат бұрын жеңіл тамақ беріңіз.

5. Егер баланың жолда жүрегі айныса, оның көзін шаршатпаңыз. Жолда мультфильм көрсетпеңіз, гаджеттен ойын ойнатпаңыз және кітап оқытпаңыз. Оның орнына ән немесе аудиосабақ тыңдатуға болады.

6. Балаға суықтау сусынды аз-аздан беріңіз. Жалбыз, лимон және занзабіл – жүрек айнуын басуға арналған жақсы құралдар.

7. Жалбыз дәмі бар кәмпит беріңіз.

8. Жалбыз, гүлшетен, лимон, қарағай және самырсын эфир майлары жүрек айнуын тоқтатады. Оның бірнеше тамшысын майлыққа тамызып, иіскетіңіз. Мұндай майлармен самайды уқалауға болады.

9. Жолда дәрі бермеуге тырысыңыз. Кей антибиотиктер, ішек құрттарына қарсы дәрілер, депрессияға қарсы құралдар және т.б. жүрек айнуды күшейтеді.

А. Жапатова