Бала психологиясы: жалғыз бала

Бала психологиясы: жалғыз бала
Фото: massaget.kz

«Бауырларым бары қандай жақсы», «көп балалы отбасында туғаныма қуанамын» деген секілді сөздерді жиі еститін боларсыздар. Қазақ ежелден тұрмыстық жағдайына да қарамастан, «бір қозы туса, бір шөп артық шығады», «әр баланың өз несібесі болады» деп, денсаулығы жеткенше көп бала табуға тырысқан.

Кішілері дүниеге келгенше үлкендері де оларға ата-ана рөлін атқаруға, яғни қамқорлығына алып, тәрбие беруге жарап қалады. Қазақ халқының көп баланы армандауы ежелден-ақ жалғыз баланың психологиясы күрделірек болатынын білуінде. «Қарғайын десем, жалғызымсың, қарғамайын десем жалмауызымсың» деген сөзді де қазақтар айтқан. Сонымен, олардың өзге балалардан өзгешілігі неде?

Бұл сұрақты кімге қойсаңыз да, ең бірінші алар жауабыңыз – эгоистік.
Балалы үйге қонақ келсе, үй иесі мен қонақтың баласы міндетті түрде бір ойыншыққа таласады, бұл көрініске көпшілігіміз куә болған шығармыз. Себебі екі бала да «ойыншық менікі» деп ойлайды. 4-7 жас шамасында ғана «біреудікі» деген ұғым қалыптаса бастайды, оған дейін бала барлығы тек өзінің меншігінде деген түсінікпен жүреді. Ал өзінен кейін өмірге келетін бала болмаған соң, жалғыз бала санасында «өзгенікі» ұғымы қалыптасуы қиын болады. Сондықтан қолындағысын басқалармен бөлісе алмайды.

Осы себепке байланысты, өзгелерге жаны ашу, олардың да қамын ойлау сезімі аса көп туа бермейді. Тек өзімде болса, барлығы мен үшін жаратылған болса, ешкім менімен ортақтаспаса деген оймен жүреді. Сараңдық та осылай қалыптасады. Біреуге беруге қарағанда, адамнан алсам деген ой да көбінесе жалғыз балаларға тән.

Кішкене күнінен ешкім оның бетіне қарап артық сөз айтпаған. Ата-анасы аузына қарап, дегенін жасап отырған бала болғаннан кейін, өскен кезде басқалар да үнемі менің қалауымды орындауы қажет деген пікір қалыптасады. Ал олай болмаған жағдайда, шатақ мінезін көрсетуі де ғажап емес, себебі ол үшін айтқаны орындалмауы қатаң тәртіп бұзылуымен бірдей. Ешкімнің сөзін көтермейді. Біреу бетіне кемшілігін айтса, өзінікі дұрыс деп дәлелдеу үшін барлығына барады. Себебі ол сәби күнінен «сенікі жөн» дегенді естіп өскен бала.

«Сен ең ақылды баласың», «сендей бала ешкімде болмаған» деген сөздер жалғыз өзіне ғана арналатын, ата-анасының мейірімі мен махаббатына толықтай бөленіп өскен баланың өзін-өзі бағалауы да өте жоғары болады. Тіпті шектен шықса, өзгелерді өзінен төмен санау қасиеті қалыптасуы да ғажап емес. Мұндай балалар, әлбетте, басқаларды басқаруға, кез келген ортада лидер болуға ұмтылады.

Көп жағдайда әке-шешесі баласының жалғыз өспеуін қаласа не басқа да жағдайларға байланысты нағашаларының не немере аға-інілерінің үйіне жиі жіберіп, психологиясы ойдағыдай қалыптасуына жағдай жасауы мүмкін. Мұндай кезде баланың жай-күйі жазбада сипатталған сәл өзгерек болуы мүмкін.

Жазира Жомартова, 27 жаста: Адам дүниеге келген сәттен бастап, оның тағдыры жазылып қояды деп жатамыз. Осы сөздің мағынасын түсінетін жасқа жеткеннен «Мені неге отбасында жалғыз қылып жаратты екен? Неге мен егіздің сыңары емеспін, аға, әпке, сіңлілерім неге жоқ?» деп ойлайтынмын. Анама үнемі әпке болғым келеді деп айтушы едім. Баламын ғой, ештеңеден хабарым жоқ. Анамның денсаулығына байланысты екінші бала сүюге мүмкіндігі болмаған екен. Сол себептен болар, мені өте ерке етіп өсірді.

Бірақ анам педагог болғандықтан, еркелігім шектен шықпайтын етіп тәрбиеледі. Материалдық жағдайымыз аса жоғары болмаса да, анам мектептегі шараларға ең әдемі көйлек кигізетін. Алдымда өзімнен үлкен әпкем болмағандықтан, мен үнемі жаңа киімдер кидім. Оны байқаған себебім, сыныптағы кей құрбыларым көбінесе әпкелерінен қалған киім киетін. Әлі есімде, 2003 жыл еді. Мектеп бойынша 11-сынып оқитын бір қыз ең алғаш ұялы телефон ұстады. Оған қызығып, мен де анама айтқанымда, еш ойланбастан, сол кездегі соңғы шыққан шыққан «Siemens» маркалы телефонын алып берді. Қуанышымда шек болмай, асқан мақтанышпен сол кездегі сән бойынша телефонымды мойныма асып жүретінмін. Балалық шағымның ең тәтті кездерін анам есте қаларлықтай етіп, қолынан келгеннің бәрін жасады. Анамның алдында мәңгілік бас иіп өтемін.

Жасым үлкейген сайын бұл жалғыздығым мені уайымдата бастады. Анам түрлі ем қабылдап, екінші рет перзент сүю жолында жүргенін көріп, жатсам-тұрсам тілеуін тіледім. «Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету». Мен ерте ме, кеш пе тұрмысқа шыққанда анам жалғыз әрі қамқорсыз боп қала ма деп алаңдадым. Көп ұзамай тілегіміз қабыл боп, анам жаңалығымен бөлісті, бала күнімнен маған арман болған бала ғой деп, інімнің атын «Арман» қойдым. Сөйтіп 16 жасымда әпке атандым. Артымнан інім ерген сәттен бастап өмірім, көзқарасым, ұстанымдарым, ата-анама деген қарым-қатынасым жақсы жағына қарай түбегейлі өзгерді, өзімнің біршама ақыл тоқтатып, есейгенімді мойындаймын.

Ақниет Жаманқұл, 16 жаста: Мен негізінен үйдің ең кішісімін. Мектепке барған кезде əпкелерім колледж, университетте оқып жатты. Ал мен үйде анаммен тұрамын. Анам жұмыста кезде өзім қаламын. Жалғыз өстім, басым тек тыныштыққа үйренген. У-шуды қаламаймын, кішкене балаларды аса жақсы көрмеймін. Өйткені олар мазаны алады. Мен тек өзім үшін жауап беріп үйренген, өз жауапкершілігім өзімде болған қызбын. Маған ғана тиесілі затты ешкіммен бөліскім келмейді, өзімшілдігім бар. Эгоиспін десем де болады.

Өмірбек Сансызбаев, 25 жаста: Отбасыда жалғыз бала болсаң, саған артылар жүк те, жауапкершілік те көп. Ата-ана бір сәт те көзінен таса қылғысы келмейді. Мен де үйде жалғыз бала болғандықтан, өзге қалаға оқуға түсуіме қарсылық білдірген. Кейіннен рұқсатын берді. Кішкентайымнан интернатта оқыған соң да шығар, өзге қала, өзге ортаға үйрену оңай болды. Бәлкім, үйде оқып, үйде өскенде бәрі басқаша болар ма еді? Қайда жүрсең де, амандығыңды тілеп отыратын әке-шешеміз аман болсын.

Ханым Орынбаева, психолог: Жалғыз өскен бала ерекше назарда болады. Ата-ана бар жағдайын жасайды, «жоқ» деген сөз көбіне айтылмайды. Ал, бұл бала психологиясына кері әсер етеді. Жалғыз баланың саналы, тәрбиелі болуы анасына тікелей байланысты деп ойлаймын. Себебі анасы шектен тыс мәпелеп, қоршаған ортадан оқшаулай берсе, бала үлкендерге тәуелді, өздігінен шешім қабылдай алмайтын, ерке, шолжаң, өзімшіл болып өседі. Өзімшіл боп өскен бала болашақта қиындықтарды жеңіп шығуына көп тер төгуі мүмкін. Ал егер анасы баласын өзге балалармен араластырып, ойынға қосса, уақытында ұрса біліп, «болмайды» деген сөзді орынмен айтса не көп жағдайда баланың еркелігіне мән бермесе, одан саналы, ел қатарлы азамат шығуы мүмкін.

Сипатталған қасиеттері үшін мұндай адамдарды жазғыра алмаймыз, себебі отбасында жалғыз бала боп өсуіне өзі де, өзге де кінәлі емес. Алайда тағдыр жазуы солай болды деп, қандай кемшілігін де кешіре беруге болады деген сөз емес. Адам өзін-өзі тәрбиелеуге міндетті.

@. @assel_assanova