Әкеге сыйлық

Әкеге сыйлық
Фото: clinica.bg

Әдетте анамызға қарағанда әкемізге сыйлық таңдау аздап қиындық туғызады. Мереке күні немесе туған күнінде әкеңізді қуанту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайсыз. Алайда сыйлық таңдамас бұрын әкеңіздің қызығушылығы мен талғамын, көзқарасын ескергеніңіз жөн болады. Себебі сыйлаған сыйлығыңыз әкеңізге деген таза көңіліңіздің белгісі болмақ. 

Қуаныш иесін қуанту үшін сыйлықтың сапасынан бөлек, сыйлық алушының жас мөлшері де маңызды. Мәселен, 45-50 жас аралығындағы әкелер үшін сыйлықты оның қызметі мен қызуғушылығына сәйкес таңдаған дұрыс. Мәселен, қызметкер әкелер үшін ерекше қойындәптер, жұмыс үстеліне қажетті бұйымдар немесе көлікке арналған түрлі техникалар (әдемі  қаптамалар, автомобильге арналған шаңсорғыш, видеотіркегіш, GPS-навигатор, автомагнитола және құрал-саймандар жиынтығы т.б.). Ал балық аулау кәсібіне қызықса, балық аулау туралы кітап,  үрмелі қайық, қармақ секілді аталған кәсіпке қажетті дүниелерді сыйлауға болады. Алайда балық аулау кәсібінен хабары бар адаммен бірге барып сыйлықты таңдаған жөн.

60 жасқа толып отқан әкеңізді өзіңіздің бар жаныңызды салып жасаған шығармашылық заттар мен қолдан жасалған бұйымдарыңыз бен туындыңыз ерекше қуантпақ. Мәселен, отбасылық үлкен сурет немесе қарындашпен салынған портрет, видеоқұттықтау, өз қолыңыздан дайындаған торт немесе әкеге арнау, әдемі өлеңдер, массажды орындық т.б.

Кітап – ең жақсы сыйлық

Көпшілік әкелер кітап оқығанды жақсы көреді. Осы тұста әкеңізге ең сүйікті авторының кітаптарын, жаңа жинақтарын сыйға тартсаңыз, қуанып қалары сөзсіз. Сонымен қатар, салауатты өмір салты, пайдалы тағам түрлері туралы анықтамалар да жақсы тарту болмақ.

Косметикалық сыйлық

Кез келген әке баласының қандай да болсын сыйлаған сыйына ерекше қуанары анық. Мәселен, косметикалық сыйлық (душқа және қырынуға арналған гель, сақал қырғыш, иіссу т.б.) жай көрінгенімен бұл да ерекше сыйлықтар қатарында. Сонымен қатар жылы жемпір мен әдемі жейде, галстук немесе «Ең керемет әке» сынды жазулары бар жейдемен әкеңіздің көңілін бір көтересіз. Былғары сапалы белдік, әмиян, галстук қыстырғыш пен әдемі түймелер, жақсы қолшатыр, жылы жамылғы, сырт киім, ұялы телефон т.б. осы секілді қажетті дүниелерді де сыйлауға болады.

Эмоционалды сыйлықтар

Әкеңіз ұнататын әншісінің концертіне немесе актерінің фильміне 2 билетті сыйлыққа ұсынсаңыз, естен кеспес сыйлық жасадым дей беріңіз. Сонымен қатар саяхаттауға немесе курорттық демалысқа арналған 2 билет немесе пейнтбол ойнауға және картингте сырғанауға арналған сертификат, қаладағы түрлі тарихи орындарға барып қыдыруға арналған билет те – ерекше сыйлықтар қатарында.

Жақын жаныңыз жүрегіңізден орын алғандықтан, оның жүрегі де сізден көп дүниені талап етпейді. Ол үшін сіздің бір ауыз жылы сөзіңіз бен құттықтауыңыз жетіп жатыр. Ал, ата-ана үшін бастысы − сіздің амандығыңыз, деніңіздің саулығы. Алайда естелік атты дүниенің ескірмейтінін білсеңіз, туған күнде ерекше бір естеліктің болғаны жақсы. Осы тұста Massaget.kz тілшілері мен оқырмандары арасында "Әкеңізге туған күнінде не сыйлайсыз? Ерекше сыйлығыңыз есіңізде ме? Отбасында әкеңіздің туған күнін қандай деңгейде атап өтесіздер?" деген 3 сұрақ аясында сауалнама алған болатынбыз. Ендеше бізбен бірге оқи отырыңыздар.

Әсел Асанова: Менің әкеме ең үздік сыйлықты 21 жасында анам сыйлап қойған. Өзімнен кейінгі сіңлім әкемнің туған күнінде өмірге келді. Сол себепті болар, сіңлімнің туған күнінің тасасында қалып қоятын сияқты. Тойлауға туыстар келгенде де әкемді жай құттықтап, сыйлықты сіңліме әкеледі. Әкем жыл сайын туған күнін күндіз туыстармен, кешке достарымен атап өтеді. Әкем өзі өзгелерге сыйлық жасауға шорқақ, сондықтан оған да ерекше сыйлық жасау ешкімнің ойына келмейтін сияқты. Мен атамның қызымын, оған барлық балалары жиналып. жыл сайын бағалы сыйлық жасауға тырысамыз, 50, 60, 62, 65, 70 жасқа жеткен жылдары үлкен көлемде той жасаймыз.

Ербол Молдажанов: Мектеп жасында әкеме ең көп сыйлаған дүнием – қолсағат. Себебі, өзім қолсағатты ерекше жақсы көремін. Алайда, әкем мен сыйлаған сағаттың ешқайсысын тақпады. Бірде әкем қонаққа келген бауырына біреуін сыйлық ретінде тағып жібергені есімде. Сонда, "тиыннан теңге құрастырып, алған сыйлығымды тақпай, басқаға бере салды" деп іштей ренжіген едім. Артынан "құр тұрып тозғанша, мүмкін, осы дұрыс болған шығар" деп ойлап, өзімді жұбатқанмын. Ал сыйлаған әмияндарымды өзі ұстайтын. Ол енді бала кездер еді ғой. Ал, университетте 1-2-курста оқып жүргенде шәкіртақыма әкеме ұялы телефон сыйладым. Алайда өз қолыммен бере алмадым. Себебі, 11 желтоқсан қыстық емтиханмен тұспа-тұс келіп қалатын еді. Жол түспеген соң, сыйлығымды туысқан ағамнан беріп жібергенмін. Өткен жылы смартфон сыйладым. Бүгінде іштей ойлап жүрген бір сыйлық бар. Бірақ ол – уақыттың еншісінде. Ал, негізінде әкемнің туған күнін қара шаңырақта жақын жандармен, туысқандармен, достарымен атап өтеміз.

Томирис Есқали: Әкемнің туған күніне сыйлық алмаппын. Бірақ, жылда xабарлама жазып жіберемін. Әкем эмоциясын көрсете бермейді. Сондықтан не сезінетінін білмеймін. Жыл сайын әкемнің достары келіп әкемді құттықтайды. Нағашыларым, әкемнің бауырлары келіп, бас қосамыз.

Еркебұлан Керімбекұлы:  Әкеміздің туған күнін отбасында тойлаймыз. Ол – әкемнің  қалауы. Өзі туған күнді арнайы атап өткенді ұнатпайды. Дастарқан жайып, төрт көзіміз түгел отырамыз, ал құттықтау үшін ағайын-туыстардың өзі біліп келе береді.  Әкем өзі хабарласып туған күніне шақырғанын әлі күнге дейін көрмеппін. Кішкентай кезімде «Әке, енді мен бұзық болмаймын» деп туған күнінде әкемді бір күлдіртіп алады екенмін. Ал қазір сыйлықты анамызбен ақылдасып қажетті, керекті заттарын сыйлаймыз. Ерекше сыйлық па білмеймін, бірақ телефон, сырт киім сыйлағанымыз бар.

Таңсұлу Үсенова:  Жалпы кез келген адамға пайдасына жарайтын, қажет затын сыйлағанды жақсы көремін. Ерекше сыйлық деуге келе ме, мұнысын білмедім. Құран кітап пен жайнамаз сыйлағанмын. Шама-шарқымызға қарай жиналып отырамыз. Бастысы ағайын-туыстар түгел, дастархан жаюлы. Ақ ниетпен жиналған ағайынның арасында тілеулес жандармен бірге атап өтеміз.

Өмірдегі ардақты жан, асқар тау әкеңіз үшін сіз жасаған сыйлықтың бәрі де ерекше. Алайда әкеңіздің туған күнінде қандай сыйлық жасайсыз?

Н. Үсенова