Бала психологиясы: ортаншы бала

Бала психологиясы: ортаншы бала
Фото: massaget.kz

Ата-ана барлық баласын бөліп-жармай, бірдей жақсы көреді. Сәйкесінше, барлық баласына бірдей тәрбие беруге тырысады. Адамның ой-пікірі, мінезі, қоғамда тұлға ретінде қалыптасуы, адамдығы – көрген тәрбиесіне байланысты. Ал баланы тәрбиелеуде ата-анасының жасы, тәжірибесі, бір-бірімен қарым-қатынасы тікелей әсер етеді.

Өткен аптада отбасының тұңғыш балалары туралы жазба жариялаған едік, бүгінгі кезек келесі балаларда.

Үйдің екінші баласы өзінен кейін балалар болса, көп жағдайда ұлдар анасына, қыздар әкесіне жақынырақ боп өседі. Отбасыда қатарынан ұлдар не қыздар болса, үй шаруасына екінші балалар көбірек жауапты болады. Ата-анасы ағасына не әпкесіне тапсырма берсе, оны екінші балалар бірінші орындап тастауы мүмкін. Шапшаң қозғалып, барлығын тез істейді, алайда ісінде нәтиже болмауы мүмкін не мұқият жасалмауы ытимал.

Басқа балаларға қарағанда екінші балалар пысықтау келеді. Туыстарына да, мұғалімдеріне де сүйкімді болады. Алайда ата-анасының мейіріміне толық бөленбеген болуы мүмкін. Олар тұңғышы мен кенжесіне бүйрегі бұрып тұратындай қабылдайды, бірақ ата-ана үшін баланың жақсы-жаманы болмайтынын біледі. Өзін ата-анасына соншалықты сүйікті сезінбегендіктен, өзін өзі бағалауы да отбасындағы басқа балаларға қарағанда төменірек.

Маңызды шешімдерді қабылдауда ата-ана ортаншы балалармен санаса бермейді. Олар басқалардың дегеніне көніп үйренген. Соған орай аса жауапкершілігі жоғары істерді де алып жүре алмауы ықтимал. Сабырсыз, қызуқанды балалар да осылар.

Ата-анасы үйде өздері байқамаса да, балаларын өзара бәсекелестіріп, салыстырып өсірген болса, ортаншы балалар тұңғыш пен кенже баладан басып озуға бейім болады. Әке-шешесінінің махаббатына осылай бөленеміз деген ой тұрады. Іштегі комплексін осылай жеңуге тырысады.

Басқалармен ашылып әңгімелесе алмайтын тұйық бала өсуі де оның отбасында екінші, үшінші сәби болып дүниеге келуімен байланысты. Ата-анасының назары басқа балаларға ауып кетсе, өзімен ешкімнің шаруасы жоқ деген ойға келеді де, адамға ашылып, сырын ақтаруға дағдыланбайды.

Психолог пікірі

Ханым Орынбаева: Екінші балалар, әдетте, бірінші балаға қарағанда пысық, ширақ, тентектеу болады. Оларға ата-анасымен бірге аға-әпкесінің де жылуы, қамқорлығы түссе, ол толыққанды мейірімге тойып өседі. Екінші балалар қанағатшыл болып келеді, себебі олар әпкесі не ағасынан қалған киімді киіп, барды бар, жоқты жоқ деп қабылдайды.

@. @assel_assanova