Термометр түрлері

Термометр түрлері
Фото: KakProsto.ru, Златна Книга, Etgodthelbred

Әрбір үйдің дәрі қобдишасында ыстықты өлшейтін термометр міндетті түрде болуы тиіс. Әсіресе, балалы отбасы үшін бұл өте маңызды. Сонымен қандай термометр ыңғайлы әрі тиімді? Осы тақырыпты тереңірек қозғайық.

Ыстықты өлшейтін құралдың 3 түрі бар. Сұйық (сынаппен), электрлі (сандық), оптикалық (инфрақызыл). Адам денесімен қатар, бүгінде су мен ауаны өлшейтін термотесттер бар.

Сынапты термометр. Бұл баршаңызға таныс құрал. Мұны кез келген үйден табуға болады. Көпшілігіміз пайдаланғанбыз, әлі де пайдаланылып келеді. Түтіктегі сынаптың түсуі мен көтерілуі арқылы денедегі ыстықтың бар-жоғын анықтайды.

Тиімділігі: жеңіл, кішкентай, жұқа, ыстықтың шамасын нақты әрі дұрыс көрсетеді. Бұл термометр ыңғайлы және қолтық астынан түсіп қалмайды. Ауызға да салып қолдануға тиімді. Ұзақ уақыт пайдалануға болады. Арнайы сұйықтықтармен залалсыздандыруға да болады.

Тиімсіз тұсы: қызуды өлшеу үшін кемінде 5-10 минут күту керек. Сынған жағдайда әйнектер баланы жарақаттауы, ал сынаптан улануы мүмкін.

Әмбебап сандық термометр. Барлық қызмет түрі кіріктірілген бұл термометр сынаптыға қарағанда жылдам өлшейді. Бірнеше секундтан 5 минутқа дейінгі уақытта нәтижесін сан арқылы көрсетеді.

Тиімділігі: оны ауызға салуға, қолтық астына, білекке қояға болады. Дыбыстық сигналы, жады мен таймері бар. Автоматты түрде өшірілетін құрал. Тіпті кейбір үлгілері ауа мен судың температурасын өлшеуге қабілетті.

Тиімсіз тұсы: өлшеу барысында денеге дұрыс орналаспаса тура санды көрсетпейді.

Ауызға салып өлшейтін термометр. Емізік пішіндегі бұл термометр ақсөл (латекс) немесе силиконнан жасалатын термосезімтал құрал. Баланың қызуын өлшеуге ыңғайлы. 5 минут уақыт өткен соң дыбыс шығарып, автоматты түрде өзі өшеді.

Тиімділігі: балада ыстықтың бар-жоғын лезде анықтайды. Бәрі дұрыс болса, экранда жасыл түс, егер температура жоғары болса, қызыл түс жанып-сөнеді.

Тиімсіз тұсы: бұл 2-2,5 жасқа дейінгі балалар үшін жарамды. Оның үстіне балалар емізікті жақсы көреді емес пе? Алайда нәресте аузын дұрыс ашпаса нәтижесі дұрыс көрсетілмеуі мүмкін. Емізігі алынбалы-салынбалы болмаса оны залалсыздандырмайды.

Оптикалық термометр. Мұның басқа термометрлерден ерекшелігі ауызға немесе қолтық астына қоюдың қажеті жоқ. Маңдайға немесе құлаққа қояды.

Тиімділігі: корпусы берік құрал гигеналық жағынан жақсы әрі қауіпсіз саналады.

Тиімсіздігі: құлақтың қабынуы кезінде термометр дұрыс ақпарат бермейді. Сондықтан пайдаланар алдында  өлшейтін жеріне арнайы қалпақша сатып алу керек.

Термотест. Термосезімтал пластинканы баланың маңдайына қояды. 15 секундтан соң температура тұрақты болса, ағылшын тілінде N, жоғары болса F әрпі шығады.

Тиімділігі: жол жүргенде алып жүруге тиімді әрі ыңғайлы.

Тиімсіздігі: 1 рет қана қолдануға болатындықтан, қалтаға аздап салмақ салады. 

Н. Үсенова