Бала тәрбиесі: мақсатқа жетуі үшін

Бала тәрбиесі: мақсатқа жетуі үшін
Фото: Калжан Турсынбаев

Бала тәрбиесіне қатысты сөз болғанда «өзіңіз іспен үлгі болыңыз, құр сөз пайдасыз» дегенді жиі естиміз. Бала не көрсе, соны істейді. Оң болсын, теріс болсын өз қылықтарыңызды өзіңіздің кішкентай көшірмеңізден көргенде еріксіз күлкіңіз келеді. Ал бала мақсатқа ұмтылғыш, діттегеніне жетпей қоймайтын қайсар боп өсуі үшін қалай тәрбиелеу керек?

Ең алдымен ата-ана баланың көзінше сөзге келмеуі, тату-тәтті болуы маңызды.

Баланың бастаған ісіне қолдау көрсетіңіз. Соңына дейін бітірмейінше килікпеңіз.

Жеткен жетістігі үшін шын қуанғаныңызды көрсетіп, ары қарай құлшындырып отырыңыз. Егер ісі тым қиын болса, көмек керек пе деп сұраңыз.

Бала өзі істей алатын істерді уақыт тым тығыз болмаса, сіз оның орнына орындамаңыз. Ойыншықтарын жинауды, киімін киюді өзі істесін, тіпті үй шаруасына, тамақ істеуге көмектескісі келсе де, «қолыңнан келмейді» деген сөзді тісіңізден шығармаңыз. Ол да қамыр илеп көргісі келсе, өзіне кішкене ыдысқа бөлек ұн салып беріңіз.

Рөлге бөлініп ойнайтын ойындар, қойылымдар жасаңыз. Бала осылай өзін ортада ұстауға, ойын еркін жеткізуге үйренеді. Мысалы, емдеу, тамақтандыру, ұйықтауға жатқызу. Кейде осының барлығын ойын түрінде де, киноға түсіргендей етіп ұйымдастыруға болады. Бастысы ойын шаттық сыйлауы қажет. Бала ес білмей тұрып-ақ белігілі бір салаға, мамандыққа қызығушылығы болғаны дұрыс.

Бірте-бірте тапсырманы қиындата түсіңіз. Оны құрамдас бөліктерге бөлуге болады. Бұл балаға болашаққа жоспар құруға көмектеседі.

Жарыс ойындар ұйымдастырыңыз. Бұл үнемі жеңуге, қалаған нәтижесіне уақытылы жетуге бағыттайды. Бала «жемістің» дәмін татқан соң, үнемі соған ұмтылады.

Көздегеніңе жету үшін тынбай еңбектеніп, көп күш салу керек екенін үнемі есіне салып отырыңыз.

@. @assel_assanova