Былғары күртені қалай тазалаймыз?

Былғары күртені қалай тазалаймыз?
Фото: BegetNews

Күн салқындап келе жатырғандықтан, былғары күртені тазалап, жинап тастайтын уақыт та келді. Былғары күрте адамдардың көпшілігінде бар. Мұндай күртеге қалай күтім жасау керектігін және оны тазалау жолын ұсынамыз.

Күнделікті күтім

Күнделікті күтімді сабынды суға аздап мүсәтір спирті қосылған ерітінді қамтамасыз етеді. Егер былғары күртеңіздің ластанғанын байқасаңыз, осы ерітіндіге суланған шүберекпен тазартасыз. Бұл күртеңізде дақ болмаған жағдайда жақсы көмектесетін тиімді әдіс. Оны тазартып болған соң, күртеге майсана майын немесе арнайы крем жағып шығыңыз. Былғары күртені жиі тазартудың қажеті жоқ. Себебі оның беткі қабатын кетіріп және түсін өзгертіп алуыңыз мүмкін. Шаң-тозаңнан басқа күртеде оңай кете қоймайтын ластық та болады. Олар көбінесе адамның денесімен немесе сыртқы затқа жиі үйкеліс кезінде пайда болады. Мұндай ластануға күртенің жағасы, жеңі және қалтаның айналасы жатады.

Адамның мойнында тер мен май түзілетіндіктен кез келген киім жағасы жылдам кірленеді. Қарапайым киімді қолмен немесе кір машинамен жуу оңай болғанмен, былғары күртені олай жуу мүмкін емес. Оны химиялық тазалауға тапсыру керек немесе үйден былай тазалауға болады.

- Алдымен жағаны түзеп, спирт пен мақтамен сүртіп шығады;
- Одан соң лимон сусынымен сүртеді;
- Соңынан глицерин ерітіндісін жағып шығады.

Осы жолмен күртенің жеңі мен қалта айналасын да тазалауға болады. Күртенің жағасы жылдам ластанбауы үшін мойныңызға шарф немесе орамал тағып жургеніңіз жөн.

Күрделі дақтарды кетіру жолдары

Күрделі дақтарды қарапайым сабынды сумен кетіру мүмкін емес, сондықтан оған басқа құралдар пайдалану керек.

Май және бояу

Майды бояу езгіштермен, соның ішінде бензинмен кетіру оңай. Ол үшін таза бензин керек, егер ол болмаса, құрылыс дүкендерінде сатылатын скипидар алыңыз. Скипидармен былғары күртедегі май дақтарын және бояуды да кетіруге болады. Күртені бояу езгішпен тазалап болған соң, оны глицерин, майсана майы немесе арнайы креммен ылғалдандыру керек. Өте жұмсақ былғары болса, бензин емес, бор немесе крахмал көмегімен тазалаңыз. Екеуінің біреуін сумен қою болғанша араластырып, дақтың үстіне жағады. Оны бірнеше сағатқа қалдырып, спонжбен тазалап тастайды. Егер бұл әдістер көмектеспесе, химиялық тазалауға беру керек. Бұл құралдарды жасамас бұрын күртенің көрінбейтін жеріне жасап көріңіз. Тазалаудан кейінгі иісті тез кетіру үшін таза ауаға іліп қойыңыз.

Қалам және тұз дақтары

Сабақ оқитын, кеңседе жұмыс жасайтын немесе балдары бар адамдардың күртелерінде қаламнан қалған бояу кездесіп жатады. Оны спирт көмегімен кетіруге болады. Күртедегі тұз дақтарын қарапайым сірке суына батырылған мақтамен кетіре аласыз.

А. Жапатова