Қыздар сезімін бірінші білдірсе...

Қыздар сезімін бірінші білдірсе...
Фото: stan.kz

Сезім адамға бағынбайды. Қыз балаға да, ер адамға да сүю тән. Бірақ, сол сезімді білдіруге келгенде қыз баланың намысы, ары бірінші орынға түседі. Қыз бала алғашқы болып қадам жасаса оны тәрбиесіздердің қатарына жатқыза салу әдетімізге айналған. Дегенмен, әлі күнге дейін осы дұрыс па деген сауал оқырмандар көкейінде жүргені сөзсіз. Біз осы сауал төңірегінде көпшіліктің пікірін білдік.

Данат, студент, 19- жаста:
Меніңше, қыздардың жігітке алғаш болып сезімің білдіруі мүлде дұрыс емес. Өйткені, қыздарда тәкаппарлық пен намыс болуы керек. Сонда ғана жігіттерге оларды тану, білу қызықты бола түседі.

Айнұр, студент, 17-жаста:
Қыздардың бұл әрекетімен келіспеймін. Олай жасау арқылы тек өзімізді төмендетеміз. Ер адамдар еңбексіз келген нәрсенің қадірін білмейді. Сол секілді, алғаш болып сезімін білдірген қыз баланы аялайды деп ойламаймын.

Мейірім, студент, 20-жаста:
Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазір жігіт, қыз деп бөлінетін заман емес. Сондықтан, қыз баланың да таңдау жасауына мүмкіндігі бар.

Қанат, тіс дәрігері, 25-жаста:
Маған қыздар сезімін білдірсе, қуанар едім. Өйткені, біреудің маған деген сезімі барын біліп жүруден артық қуаныш жоқ. Бірақ, олардың жүрегін жаралап алсам қайтемін?!

Ақниет, тігінші, 21-жаста:
Қыз бала ұяң болуы керек. Қазақта «Сүйгенді сүй, сүймегенге жалынба» деген сөз бар. Сондықтан, қыз бала тек ер адамның оған деген көңілің байқаған сәтте ғана сезімің білдіре алады.

Дәулет, оқушы, 17-жаста:
Қазір, ер адамдарға қарағанда қыздар батыл қадам жасайды. Бұл менің шамыма тиеді. Сондықтан, бәрі орнымен болған дұрыс деп ойлаймын.

Мадина, студент, 21-жаста:
Шынымды айтсам, жігітіме сезімімді алғаш болып білдірген мен едім. Кейін ұялдым. Бірақ, оның да маған деген сезімі болған екен. Осылайша, арамызда махаббат хикаясы басталды. Сезімді кім білдіргені маңызды емес, бастысы, бір-бірлерін сүйе білсе болды.

Темірлан, студент, 18-жаста:
Маған сезімін білдіретіндер көп. Олар үшін кейде өзім ұялып кетемін. Шынымды айтсам, ондай сәтте не істерімді білмей қаламын. Жүректерің жаралауға да қорқамын. Бірақ, маған қыздардың сезім білдірген дұрыс емес сияқты.

Жанат, мұғалім, 25-жаста:
Дұрыс емес. Қыз бала қашанда жұмбақ болуы тиіс. Осынау жұмбақтығы үшін жігіттер алдында құнды болып қалады.

Рахман, студент, 18-жаста:
Маған бәрібір. Қыз ба, ұл ма маңызды емес. Бастысы бақытты жұп бола білсе болды.

Мерей, студент,19-жаста:
Қыздар көңілі арқылы білдіру керек. Ешқашан айтуға болмайды. Ал, қыздың сезімін аңғармай, үміт сыйлап, қызды осынау батыл қадамға итермелеген жігіттер мен үшін «ез».

Мирас, аудармашы, 24-жаста:
Маған қызым алғашқы болып сезім білдірді. Әрине, маған ол ұнайтын. Бірақ, айтуға батылым бармай жүргенде, ол жаныма келіп: «Мирас, мен сізді жақсы көремін» деді де қаша жөнелді. Бірнеше уақыт бойына ұялып, сөйлеспей жүрді. Кейін, мен де сезімімді білдірдім.

Қыздар бұл қадамға бармас бұрын ұзақ дайындалатыны сөзсіз. Қанша жерден бұрыс не дұрыс деген шешім шығарсақ та, қыз баланың да сезіміне жауап бере алмайтын сәті туады.

Онегинге хат жазған Татьяна немесе Жүсіпке сезімін білдірген Зылиқалар секілді, бүгінгінің аруларының бұл бағытты таңдауы қаншалықты дұрыс?

Т. Есқали