Жар таңдаудан жаңылмайық

Жар таңдаудан жаңылмайық
Фото: Дмитрий Елисеев

Үйленуді ойға алған жастардың алдынан шығатын бірінші сұрақ – жақсы жар таңдау. Ендеше жар таңдауда қандай критерийлерге мән берген жөн, саралап көрелік.

Танысқан жігітің саған бірден ұнау керек

Бұл бірден ғашық болу деген сөз емес. Ғашық болуға асықпа. Жар болуға лайық адам деп қарастырып отырған жігітпен алғаш танысқан сәтті есіңе түсірші. Сенің тарапыңнан оған деген қандай көзқарас қалыптасты? Жағымды көзқарас қалыптасқан болса, бұл сенің адамың болуы мүмкін деген белгілірдің бірі.

Жігіттің жұпары

Алғашқы адамдар дәуірінде «қыз-жігіт болып жүру» деген түсінік болмаған. Серігін дұрыс таңдауда адамның өзіне тән жұпары көмектескен. Табиғат-ана адамдардың арасында қан араласу болмау үшін осылай жаратқан. Яғни, бір отбасының адамдарының иістері бір-біріне ұқсас келеді. Ал ұқсас иістерге ие адамдар бір-бірін ұнатпайды. Бұл табиғат заңы қазіргі күнде де бар. Тек жігітіңнің өзіне тән иісін, әтірінің иісімен шатастырып алма…

Қоңырау шалудың жиілігі

Жүріп жүрген жігітің минут сайын қоңырау шалып, болмайтын әңгімелерді айта беретін болса, бұл ойланатын жағдайлардың бірі.  Осындай қылықтарды істейтін жігіттің қолы бос деген сөз, не өзіне сенімсіздіктің белгісі болуы мүмкін. Екі жағдайда да жігіт жар болуға лайық еместігін көрсетеді. Себебі қызды қамқорлығына алатын жігіттердің болашаққа деген үміті мен сенімі мол. Олар жетістікке жету үшін ерте қамдана бастайды.

Ол сені өзгерткісі келеді

Кеше ғана жүре бастасаңдар да, ол әлден сенің бойыңдағы кемшіліктерді бетіңе басып,тез арада өзгеруіңді талап етуде. Ең сорақысы, бұл сөздер қалжың түрінде емес, талап ретінде айтылған. Байқа! Әу бастан сені өз қалпында қабылдағысы келмейтін жанмен жақсы жанұя құру екіталай.

Ол – тым қызғаншақ

«Қызғаншақтық – махаббаттың белгісі» деген пікір шын мәнісінде дұрыс емес. Есіңде болсын, егер қызғанатындай себеп болмаса, жігіттің орынсыз қызғануы өзіне деген сенімсіздіктің немесе өзімшілдіктің айғағы болуы әбден мүмкін. Ер жітіттің аздап қызғанышын білдіргені қыз балаға ұнайтыны хақ. Дегенмен болмашыға қызғана беретін жігітпен тыныш, әрі бақытты өмірді елестету қиын. Тіпті, жұмыс пен туған балаларынан қызғанатын адамдар да кездесіп жатады.

Сараңдық

Сараңдық пен үнемдей білуді шатастырмау керек. Десе де, жігітіңнің түрі әмиянын ашқан сайын өзеріп сала берсе, бұндай жігіттен отбасылық өмірде жағымды тосын сый күтпеңіз. Оның үстіне отбасы құрғаннан кейін осындай жігіттер әйел жұмсаған әрбір тиынды санап отыратын болады.

Өзінің ғана жетістігі қызықтырады

Мұндай жігіт өзінің ғана жұмысын маңызды деп есептеп, әйелдің міндеті – оған қызмет көрсету мен айтқанын бұлжытпай орындау деп біледі. Егер де сенің бұған еш қарсылығың болмаса, бұл бөлек әңгіме. Бәрі өзіңнің таңдауыңа байланысты.

Сөзіне беріктігі

Жауапкершілігі мол жігіт өзінің сөзінде тұруға тырысады. Жағдайға байланысты бірең-сараң  сөзінде тұрмаса да, бұндай жағдайлар жиілемеуі керек. Айтқанында тұрмайтын жігітке отбасылық өмірдің қиын сәттерінде арқа сүйей алмауың мүмкін. Бұндай адаммен өміріңді байланыстырмағаның абзал.

Дереккөз: baribar.kz

Ж. Жұмағұлов