Ажырасуға дейін бармау үшін

Ажырасуға дейін бармау үшін
Фото: https://surak.baribar.kz/5

«Бақытты боламын деп емес, бақытты етемін деп бар...» немесе «судай сіңіп, тастай бат» деп ақыл айтатын заманның орнын бүгінде сәл қиындыққа бола «Ажырастырып аламын» деп қорқытатын адамдардың заманы алмастырған.

Иә, ажырасу үйленуден оңай болып кетті. Ал себебі тіптен ұсақ. Айтатындары «бір-бірімізге ұқсамаймыз».

Үйдегі тыныштықтың орнауы әйелге байланысты ма? Қит етсе әйелді кінәлай жөнелетін қазақ үшін бәріне, әрине, баяғыша қыз сорлы кінәлі. Шыдамсыздық танытты. Жарыңа серік бола алмады.

Енді мынаған зер салыңыз:

Ер адам. Ер адам бос болса  шаңырақта береке болмайды. Ал, сәл нәрсеге бола әңгір таяқ ойнататын отбасының керегесіне сызат түсері сөзсіз. Сондықтан, ер адам орынды сөйлеп, орынды әрекет ете білу керек. Әсіресе, ұсақтықтан сақтанған жөн. Әйел адамның тірлігіне араласып, асханадағы істерге де басыңызды сұғатын болсаңыз, ер адам ретінде құрметіңізден айырыласыз.

Әйел адам. Арадағы келіспеушілікті ешкімге айтпаңыз. Біреуге айттыңыз, демек бұл – өсек. Ер адам үйдегі тірліктен өзгелердің хабардар болып отырғанын жақтыра бермейді. Төркініңізге апта сайын қыдырып баруды доғарыңыз. Өйткені, «қыз-қонақ» деп өсірген өз отбасыңыздың алдында қадіріңіз кетеді. Сонымен қатар, ер адамның ісіне араласпаңыз.

Ер адамның отбасы. Ұлдарыңызды біреумен бөлісу әсте қиын шығар. Бірақ, оның жанұясы енді оның жаңа өмірі екенін естен шығармаңыз. Келініңіз өзге үйдің тәрбиесін көрген. Онымен сіздің талғамыңыз сәйкес келуі міндетті емес. Қабағыңыздан қар жауып, келініңіздің әр тірлігіне араласар болсаңыз, ұлыңыз бақытты бола қоймайды. Арада жанжал жиі туындайды.

Әйел адамның отбасы. Қызыңыз арызданып жатса, оны жақтаудың орнына «Қызым, бұны доғар!» дегеніңіз әлдеқайда дұрыс. Өйткені, сіз араласқанмен, қызыңыз бақытты бола қоймайды. Егер сабырға шықырып, арадағы әңгімелерді сөз етудің керегі жоқ екенін түсіндірсеңіз, дұрыс шешім қабылдары анық.

Шаңырақтың биік болу өздеріңізге байланысты. Бақытты отбасын құрыңыздар.

Т. Есқали