Балаңызға еркіндік беріңіз

Балаңызға еркіндік беріңіз
Фото: nashideti.temaretik.com

«Анам "бес алмасаң үйге келме", – деді» деп жылаған таныстарыңыз бар шығар. Әрине, оның барлық сабағы – бес. Бірақ ол  үштік бағаны күнделіктен жоғалтумен бірге, бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Оның ойын енді бағалар ғана қызықтырады. Өйткені оны солай тәрбиелеген. «Үш алма!»,-дей отырып сіз балаңыздың ойлау жүйесін 180°-қа бұрып жібергеніңізді білесіз бе? 

Неге?

Біріншіден,  мектеп – тек білім, емтихан мен бағалау емес. Мектеп – баланың 11 жылдық өмірі. Ол мектепте оқу мен сызуды ғана емес, қоғамда қалай өмір сүру керектігін үйреніп, өзіндік пікірін қалыптастырып, үлкен өмірге қадам басуға дайын болуы тиіс. Бұның барлығы еркін жүзеге асуы керек. Егер «бестік» бағаға ғана тәуелді етіп үйретсеңіз, сол баға үшін ғана өмір сүретін болып алады. «Үздік болмау – жеңіліс». Осылай ойлайтын баланы ғана тәрбиелейсіз.

Екіншіден, бәрін меңгеру мүмкін емес. Жан-жақты болу – дұрыс. Бірақ балаңыздың математикаға қыры жоқ шығар. Есесіне шет тілдерді тез үйренуі әбден мүмкін.  Ендеше, математикадан өзіне тиесілі үштік бағасын ала берсін. Одан да сіз оның шет тілдерін меңгеруіне жағдай жасаңыз. Оны арнайы оқу орындарына апарыңыз. Оқытыңыз.

Үшіншіден, оның өмірге деген қызығушылғын жоғалтасыз. Ол үшін шешімнің бәрін сіз қабылдайтындай көрінеді де, ол өзінің тұлға екенін ұмытады. Сіздің оны түсінбейтініңізді, оны тыңдамайтыныңызды біліп, сізден алшақтай бастайды. Осылайша сіз өз туған балаңызды жоғалтасыз.

Енді ойланыңыз, сізге керегі бала ма, әлде баға ма?

Т. Есқали