Ең ықпалды нәзік жандылар рейтингі

Working Mother сайты жыл сайын отбасы мен кәсібін қатар алып жүрген аналар рейтингін жасап келеді.

Биылғы The 50 Most Powerful Moms of 2017 тізімі дизайнер Тори Берч, актриса Николь Кидман және белгілі актер Джордж Клунидің жұбайы, адвокат Амаль сынды ханымдар есімдерімен толықты.

Заңгер қызметін өте сәтті атқарып жүрген сұлу бикештен кейін тізімді «Грэмми» сыйлығының иегері Адель жалғады. 5 жасар баласы Анджело Джеймстің тәрбиесімен қатар, әлемдік ауқымдағы мінсіз әншілік мансабын бірге алып жүрген жас ананың мықтылығын мойындайтындар саны аз емес.

Сондай-ақ, ең ықпалды нәзік жандылар тізімінде баршаға жақсы таныс Виктория Бекхэм, Бейонсе, Риз Уизерспун, Виола Дэвис сынды жұлдыздар да бар. Шоу-бизнес өкілдерінен бөлек, рейтингтен кәсіпкер ханымдар мен саясаткерлер де  табылды. Мысалы, олардың қатарында Челси Клинтон мен Иванка Трамп та бар.

«Бұл тізімдегі әйелдер — ең мықты нәзік жандылар. Олар жеткен жетістік жолы жалғызбасты әйел адамның өзіне оңайға тимесі анық, ал бұлар болса жолдастары мен балаларының көңілінен шығып, отбасын ұйытып ұстап отыр. Олар өзгелерге қанат бітіріп, шабыттандырады», - деді Working Mother сайтының бас редакторы Мередит Бодгас.

Аталған тізімді көре отырып, өз еліміздегі осындай аналар ойға оралады. Шетелдік жұлдыздар секілді отбасы мен мансабын қатар игеріп, көпшілік көңілінен шығып жүргендер қатарына Қарақат Әбілдина, Алтынай Жорабаева, Индира Расылхан, Роза Әлқожа, Салтанат Қалиева ханымдарды да қосуға әбден болар еді.

Көпшілік қауымға аса белгілі болмаса да, әлеуметтік желі қолданушылар арасында үлкен танымалдыққа ие жас аналарды біреу білсе, біреу білмейді. Танымалдықтың ең басты себебі – әлеуметтік парақшаларының пайдалы ақпаратқа толы болуы. Мысалы, Әлия Байтоғаева, Мәдина Елікбаева, Әсем Нұрсейітова сынды аналар көпбалалы өмірде кәдеге жарар лайфхактар, түрлі құнды кеңес, кейбір ескерілмей қалатын жайттардың алдын алу туралы ақпараттар, үй тұрмысы мен кәсіпті қатар игеруден бөлек, өз-өзіне күтім жасауға қатысты сұлулық сырлары, сондай-ақ, ең басты мәселе саналатын тайм-менеджментті ұтымды ұйымдастыру жолдарын үйретеді. 

Әлия Байтоғаева

Мәдина Елікбаева

Әсем Нұрсейітова