1-2 жасар баланы кітап оқуға баулу

1-2 жасар баланы кітап оқуға баулу
Фото: 7kun.kz

Ата-ана баласының болашағына ерте бастан алаңдап, кітапқа деген қызығушылығын оятқысы келсе, алатын кітаптарының тізімін де уақытында жасап, бірге оқуға қам жасайды.

Бір жасқа толмаған балаға мәтіні жоқ, суреттермен безендірілген кітаптарды ойыншық ретінде алып берсе, ол тілі шығып, есі кіре бастаған шағында да екі жасқа толғанша анасы алып берген кітаптарды сүйікті достарына айналдырады. Бұл кітаптар көз тартарлық суреттерімен, шағын да қарапайым мәтіндерімен, тілге жеңіл, түсініктілігімен құнды. Сонымен қатар бұл туындылар баланың болашағы үшін маңызды болып табылатын сурет мәтінді үйлестіре білу, байланысын табуды үйрену үшін таптырмас құрал болады.

Бала өсе береді, баламен бірге оның оқуға деген қызығушылығы да ұлғаяды. Осы кезде алатын кітаптардың тізімін де кеңейткен жөн екені түсінікті.

Бала қай кітапқа қызығушылық білдірсе де, оны қолдап, қолпаштап, арқасынан қағып отыру керек. Барлық өлеңдер жинағы ішінде балаға тек қана белгілі бір төрт жолы ұнап қалуы мүмкін немесе бір ғана сурет көңіліне жақын болуы мүмкін. Осы суретті, өлеңді қайта-қайта қарай беріңіз, оқи беріңіз, сонда баланың қалай қуанатынын көресіз.

Ата-ананың шынайы қызығушылығы, тұрақтылығы мен табандылығы, шыдамдалығы ғана баланың кітапқа іңкәрлігін оята алады. Себебі бір өлеңді бір күнде отыз рет оқуға тура келуі мүмкін. Себебі 1-2 жасар баланың қабылдауы осыны талап етеді. Осылай ғана сәбиді жалықтырып алмай, назарын шоғырландыруға болады.

Осы шақта баланың зейінін сюжетті картинкаларға арнау маңызды рольге ие болады, себебі бұл ұзақ әлектенуді қажет етуі мүмкін. Сәбидің қызығуы мен жасы өсуіне байланысты күрделен түседі.

Бір-екі жастағы балаларға арналған көліктер, жануарлар, жеміс-жидек, көкөністер деген тәрізді тақырыптық суреттер көруге жеңіл, мейлінше ыңғайлы болғаны дұрыс. Ең кіші жастағы балаларға арналған энциклопедиялар осы талаптарды қанағаттандыра алады.

Осы кітаптарды бала мезгіл-мезгіл парақтап отырады, өзіне ұнаған нәрсеге назар тоқтатып, саусағымен көрсету арқылы не басқа да белгі беру арқылы сіздің назарыңызды аудартады. Бұл оның қалаған нәрсесінің атауын білгісі келетінін танытады. Бала тілі шыға бастағанда, суреттің атауын өзінен сұрайсыз. Міне, бұл оның сүйікті ойынына айнала бастайды.

Суреттерге қарап отырып, оның атауын таныстырып қана қоймай, сипатын, қызметін айтамыз және оған қатысты ойдан сөйлем не сюжет құрастырамыз. Осылайша баланың қиялын жетілдіріп, сөздік қорын арттырамыз, тілін ұстартамыз, бір нәрсеге басқа қырынан қарауды, өзгеше жағынан тануды үйретеміз.

Ата-ана өзінің сюжет ойластыру қабілетін арттыру үшін де қосымша кітаптар алып, өзін әрдайым жетілдіруді тоқтатпау қажет.

Кішкене терезелері бар кітаптар, қозғалатын бейнелері бар, 3D суреттері бар туындылар баланың назарын басқаға бұрмауына сеп болады. Осылай жалғаса берсе, бала өздігінен кітапқа құмар болып шыға келеді.

Бір жастан екі жасқа дейінгі балалардың нағыз сүйікті кітабы иллюстрациялардан құралады. Әр сөйлем жазылған сайын, суретпен қамтылып отыруы тиіс. Жаңа ғана естіген нәрсесінің суретін бірге көріп отырса, сол баладан бақытты жан жоқтай сезінеді.

@. @assel_assanova