Бөлмеге пердені қалай таңдауға болады?

Бөлмеге пердені қалай таңдауға болады?
Фото: izhevsk.ru, design-interiors.net

Тұрмыс жағдайында аналарымыз, әпкелеріміз терезе мен пердеге қашан да мән беріп жүреді. Бөлменің үлкен-кішісіне байланысты өлшеп, түр-түсіне де аса талғаммен қарайды. Бүгінгі әңгімеміз де осы перделер жайында болмақ.

Үйге перде таңдар алдында бөлмедегі жиһаздарға, жайылған жаюға (егер де болса), тіпті бөлменің көлеміне мән бергеніміз дұрыс.

Ең әуелгі мәселе – перденің матасы.

Қандай мата таңдау керектігі де тікелей үй интерьерімен байланысты. Тығыз, қатты болса да күн өткізетін, барқыттан немесе суретті кілем матасынан (гобеленнен) тігілген, мақта не жүн қосылған перделерді  жатын бөлмеге ілген дұрыс. Себебі ұйықтап жатқан кезде күн сәулесін түсірмеу үшін осындай қалың матадан жасалған перде қажет. Тіпті бөлмені жылы ұстап, терезеден суық өткізбейді.

Драпталған, түрлі ою-өрнектермен кестеленген перделер қонақ бөлмеге дәл келеді. Себебі кең бөлмеде перденің түрі де түсі де анық көрініп, бөлмені жайлы етеді.

Сонымен қатар ашық, жұқа матадан жасалғанын қаласаңыз: жібек, атлас, сәтен секілділерін таңдауға болады. Алайда, жұқа матадан тігілген перделер күн сәулесі әсерінен түстері тез өңетінін ескерген жөн.

Егер сіз дүкендегі пердені  көзмөлшермен не терезенің ұзындығы мен енін есептеп сатып алғыңыз келсе, шешім қабылдауға асықпаңыз. Перденің салмағын да өлшетіп білген дұрыс. Егер сіз жатын бөлмеге алғыңыз келсе, мейлінше мұқият болған дұрыс. Себебі күнделікті ашылып-жабылатын перде ауыр болса, сіздің ілмегіңіз бен гардинаңыз салмақты көтере алмауы мүмкін.

Екінші мәселе – перденің түсі.

Перде міндетті түрде жиһаздың түсіндей не  жаюға байланысты болу міндетті емес. Бөлмеге «бейтарап» түстердегі пердені ілсеңіз, барлық интерьерге сәйкес келеді. Мәселен: құм түстес (ашық қоңыр), ақшыл, сұр, ақшыл-сары.  Егер қабырғаңыз ашық түсті болса, пердеңіз де ашық болуы міндетті емес. Егер қабырға ашық қоңыр, қою сары болса, пердені  қою қоңыр етіп таңдауға болады.

Жапқыш пен пердені бір түсті етіп алмаған дұрыс. Жапқыш (шторы) қанық түсті, перде (тюль) ашық түсті болған кезде ғана бөлмеде  үйлесімдік болады. 

Н. Айдархан