Жуынатын бөлмені безендіруге қатысты бірнеше кеңес

Жуынатын бөлмені безендіруге қатысты бірнеше кеңес
Фото: msant.ru

Үй интерьерін жасайтын кезде жуынатын бөлме жайлы ұмытпауымыз керек. Бұл бөлмені қалай жайлы және әдемі етуге болады?

Егер жуынатын бөлмеңіз үлкендеу болса, ерекше пішінді, түрлі түсті кілемше сатып алуға болады. Бөлменің қабырғасын су мен ылғал ауаға төзімді  фото-түсқағазы немесе гүлдермен безендіруге болады.

Қабырғаға тас, бақалшық, декоративті ағаш бұтақтарын өз қалауыңыз бойынша (тігінен, көлдеңеңінен, әртүрлі геометриялық пішінде) жабыстырып, әрлеуге болады.

Сөрелерге ірілеу теңіз бақалшықтарын, декоративті шам қойғыштарды орналастырыңыз. Айнаның жақтауына теңіз стиліндегі декоративті элементтерді жабыстырып, безендіруіңізге болады.

Қабырғаға теңіз жұлдызы, балықтар мен коралдарды жабыстырып көріңіз. Еденге плитканың орнына су сіңірмейтін ағаш панелін төсеуіңізге болады. Ол әрі стильді, әрі жұпар иіс шығарып тұрады. Егер плитка төсегіңіз келсе, кішкентай бөлмеге кішігірім суреті бар плитканы таңдаған жөн. Ірі суреті бар плитка бөлмені одан сайын кішкентай етіп көрсетеді.

Ваннаның пердесі көк, көгілдір түсті түрлерін таңдауыңызға болады.

Қазір қабырға, төбе мен шкаф есіктерін суретпен безендіру сәнге айналды. Егер сурет салдыруды қымбат деп санасаңыз, раушан гүлі, дельфин, теңіз толқыны сияқты түрлі суреттері бар жабыстырғыштарды сатып алуыңызға болады.

Ал сіз бұл бөлмені қалай безендірер едіңіз?

Ф. Абилова