Қазанды майдан қалай тазартамыз?

Қазанды майдан қалай тазартамыз?
Фото: voxpopuli.kz

Шаңырақтың қазан-ошағына, тазалығына қарап келіннің қандай екенін білуге болады. Стақан, тәрелке, қасық сынды ыдыстарды тазарту оңай. Ол үшін бос уақыт пен ыдыс жуатын құрал болса, жеткілікті. Ал қазанның жайы басқа. Оның таза қалпын тек қолданбаған жағдайда ғана сақтай аламыз. Уақыт өте келе қазанға май сіңіп, оңайлықпен кетпейтіндей дәрежеге жетеді. Мұнымен қатар, сырты күйе болып қалады. Алайда уайымдамаңыз. Мұның барлығын кетіруге болады. Қазан адамның бет терісі болмағандықтан, оны тазарту үшін кез келген тәсілді қорықпай қолдана аласыз.

Май мен күйені кетірудің бірнеше жолы бар. Әдеттегі базарда немесе супермаркеттерде сатылатын құралдарды ұсынбаймыз. Әрине, дүкеннен сапалы құрал сатып алатыныңызға таласымыз жоқ. Алайда оның барлығы қып-қызыл ақша екенін ескеріңіз. Керісінше қазанды үй жағдайында дайындалатын құралдардың көмегімен тазартуды ұсынамыз.

Қазанды тазартуға кеңселік желім мен сабын көмектеседі. Кір сабынды үккіштен өткіземіз. Сыртында 72% деген жазуы бар немесе қанық қоңыр түсті кір сабынды алуды ұсынамыз. Шұңғыл ыдысқа су құйып, оны қайнатамыз. Қайнап жатқан суға сабын мен желімді шетінен қосып отырамыз. Су қайнап жатқан ыдыстың үстіне қазанды қоямыз. Отты азайтып, бірнеше сағат бойы осы күйде қалдырамыз. Артынша қазанның сыртын темір ысқыштың көмегімен тазартамыз.

Келесі тәсілімізге сәйкес, кір сабынның орнына күйдіргіш соданы пайдалануыңызға болады. Аталған құралдың әсері мол болғандықтан, абай болыңыз. Оны пайдаланбас бұрын есік, терезені ашып, көзіңізге көзілдірік тағыңыз, қолыңызға арнайы резіңке қолғап киіңіз. Бұл тәсіліміз қазанның ішкі бөлігін тазалауға көмектеседі. Ол үшін тұз, сода және сірке қышқылы қажет болады.

Қазанға бірнеше ас қасық тұз салып, үстіне сірке қышқылын құйыңыз. Қақпағын жауып, біраз қайнатыңыз. Артынша үстіне ас содасын себіңіз. Қазандағы су толығымен буланғанша қайнатып, суық сумен шайыңыз. Егер қазанның күйесі кетпеген болса, ысқыш темірді пайдаланыңыз.

Әрине, күнделікті тазалап отырғаннан, қазанның майласуына жол беру әлдеқайда оңай. Алайда таза ыдыста дайындаудың ерекше көңіл күй сыйлайтынын сіз жақы білесіз.

Қ. Бүйенбай