Демалысты қайда өткізесіз?

Демалысты қайда өткізесіз?
Фото: Абзал Шомитов

Биылғы қыс кейбіреулеріміз үшін ұзаққа созылғандай көрінген болар. Дегенмен маусым айы келгеннен бері жайдары жаз жұрттың жанын жадыратып, тұмшаланған суық күндерді, қысқы қиыншылықты ұмыттыра бастады.

Көбімізді "Демалысты қайда өткізсек екен?" деген ой толғандырып жүргені сөзсіз.

Қала қазақтарының біразы ауылға барады, екіншілері еліміздегі шипажайларға немесе шетелдерге аттанады. Ал ауылдағылар көбінесе қалаға қарай ағылады.

Ауылдағы демалыс – қалалықтар үшін бір ғанибет іс. Себебі қаланың у-шуынан, тынымсыз тіршіліктен, көлік кептелісінен, сеңдей соғысқан адамдардан арылып, бір уақыт құлақтары тыныштық табады. Олар үшін аулада тамақ ішіп, далада ұйықтағанның өзі бір қайталанбайтын көрініс. Күнде бір үй қонаққа шақырады. Қайда барса да, сыйлы, жарқын жүзбен қарсы алады.

Сондықтан ауылда туған-туысқандарыңыз болса, сөмкеңізді базарлыққа толтырып алып, тартып кетсеңіз болады. Бұрын қаладағы оқудан, базардан, жұмыстан келе жатқан кісіні көрген жақындары базарлық сұрайтын болған. Сол себепті ауылға қайтар алдында базарға кіріп, міндетті түрде базарлық алған.

Базарлық – түрлі шаруамен алыс сапарға шыққан адамдардың үй ішіне, көрші-қолаңға, балаларға, жолдас-жораларына әкелетін әр алуан сыйлықтары, тарту-таралғысы. Бір қарағанда ұсақ-түйек болғанмен, базарлық әкелу сыйластықтың белгісі болып саналады, қалтаңызды біраз жұқартса да, сый-сияпатыңызбен жақын-жуықтарыңызды бір қуантып тастайсыз. Бәрінен де адамның көңілі қымбат екенін білесіз ғой.

Базарлыққа не алуға болады?

Апа-жеңгелерімізге «орамал тон болмайды, жол болады» демекші, орамал, шарф, сақина сияқты дүниелер сыйлауға болады.

Келіндерге, сіңлілерге сырға, білезік, шаш түйрегіш тәрізді әшекей бұйымдар ұнайтыны хақ. Аға-інілердің еншісіне тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, нарды, т.б. спорттық ойын түрлері тиеді.

Ал қазіргі балалардың талғамы да, сұранысы да жоғары. Дегенмен ұлдарға футбол добын, қыз балаларға қуыршақ, резеңке доп, ал кішкентайларға сылдырмақтар мен «үй соғатын» ойыншық құрал-жабдықтар апарсаңыз қуанатын болар. Себебі ауыл балалары ертеден қара кешке дейін үйге кірмей, далада ойнайды.

Демалыстарыңыз сәтті өтсін!

Ф. Абилова