Бөлмеңізге қандай гүл таңдайсыз?

Бөлмеңізге қандай гүл таңдайсыз?
Фото: Юлия Королева

Бөлме өсімдіктерінің қай түрін таңдайтыныңызды білмей жүрсеңіз, кезекті материалымызды оқыңыз. Олардың өздеріне ғана тән ерекшеліктерін білу арқылы қалағаныңызды таңдай аласыз.

Қазтамақ (герань) – ұзақ уақыт гүлдейтін, ақ, күлгін түсті гүлдері бар, шоқ түпті өсімдік. Қарапайым күтімді талап етіп, ұзақ уақыт бойы гүлдейтінімен ерекшеленеді. Ақпан-наурыз, шілде-тамыз айларында көбейеді. Бөлмеге тез бейімделіп, 4-5 жылға дейін өмір сүреді. Көктемде топырағын ауыстырып, шіріген жапырақтарын кесіп, уақытымен су құйып тұратын болсаңыз, 10 жылға дейін өсуі мүмкін.

Бөлме раушан гүлі. Адамдар көп жағдайда қыста да солмай өсе беретін бенгальдық розаны отырғызады. Бұдан өзге жапырақшалары жайқалған полианттық раушанды да көп отырғызады. 100 гүлі болатын бурбондық раушан да ерекше әсем көрінеді.

Бөлме раушан гүлі әдетте ақпан айында бүршік жарады. Бұл кезде оны қыстап шыққан бөлмесінен басқа жерге ауыстырыңыз. Раушанды наурыз айында қарашірікке бай шым топыраққа отырғызуыңыз керек. Ыдыстарының орташа көлемді болғаны жөн. Өсімдіктің жайқалып өскенін қаласаңыз, қураған балауса бұтақтарын кесіңіз. Мұны бірден ауыстыра салысымен жасайды.

Раушандар күн сәулесін жақсы көргенімен, құрғақ ауада өспейді. Терезенің алдына күн сәулесі түсіп тұрған кезде, жапырақшалары майдаланып, гүлдері жылдам ашылады. Жаздыгүні өзіне көп су құюды талап етеді. Алайда мөлшерден тыс су құятын болсаңыз, бетінде аппақ жәндіктер пайда болады. Мұндай жағдайда ақ жәндіктердің үстіне құм немесе күл сеуіп, 5-6 күндей су құймағаныңыз жөн. Өсімдік жапырақтарын аптасына бір рет пульверитазордың көмегімен суландырып, шаңын сүртіп отырыңыз. Мұны күн батқан соң, кешкі мезгілде жасаңыз. Гүлдердің арасына су толтырылған ыдыс қойыңыз. Осылайша ауа ылғалданып тұрады.

Балауыз шырмауық. Бұл - жұлдызша тәрізді гүлдері бар бөлме өсімідігі. Гүлдері ақ, алқызыл түсті болады. Өзі хош иісті әрі күн көзі түскенде, жылтырайтын шірне бөледі. Жаз мезігілінде гүлдеп, алты метрге дейін өседі.

Узамбар шегіргүлі. Бұл өсімдік көп күтімді қажет етпейді, жыл бойы гүлдейді. Шегіргүлді кішкене ғана ыдысқа отырғызуға болады: жас өсімдік үшін диаметрі 5 см, ал жайқалып өсіп тұрған өсімдік үшін диаметрі 7 см болатыны жеткілікті. Мұндай ыдыстарда аталған өсімдік жақсы өседі. Шегіргүлге суды жақсы сіңіріп, ауаны дұрыс өткізетін борпылдаған топырақ қажет.

Шегіргүл өсіретін бөлменің температурасы 20-22 градус болса, жеткілікті болады. Қыстыгүні ауаның ылғалдылығы төмендеген кезде, гүлдің қасына су құйылған арнайы ыдыстарды пайдалануыңызға тура келеді. Суды көп құя беретін болсаңыз, өсімдік таз ауруына шалдығады. Шегіргүлге су құйған кезде, жаңа өсіп келе жатқан өскіндеріне су тимейтіндей етіп құюыңыз керек.  

Қ. Бүйенбай