Пайдалы кеңес: тұсқағаздағы майлы дақты қалай кетіруге болады?

Пайдалы кеңес: тұсқағаздағы майлы дақты қалай кетіруге болады?

Тұсқағазға майлы дақ түсірмеудің алдын алуға тырысқанымызбен, кейде оған жол беріп қойып жатамыз. Әсіресе үйде кішкентай балалар болса. Көбіне мұндай дақтар есік пен жарық сөндіргіштің жанында пайда болады. Дақты қолда бар құралдармен оңай кетіруге болады.

Винил және флизелин тұсқағаздардағы майлы дақтарды кетіру

Егер қабырғалардағы тұсқағаздарыңыз винил немесе флизелиннен болса, онда жолыңыз болды. Олардың бетіндегі дақты кетіру әлдеқайда жеңіл.

Флизелин және винил тұсқағаздарға жаңа түскен майлы дақты сулы шүберекпен сүрту арқылы кетіруге болады.

Бұл тұсқағаздардың арнайы құрылымы дақтың терең енуіне жол бермейді. Мұндай тұсқағаздардың бетіндегі суға төзімді қабат кез келген жуғыш құралдары қосылған сумен сүртуге мүмкіндік береді. Ол үшін жуғыш құралды 1:10 шамамен сумен араластырып, алынған ерітіндіде ысқышты сулап алып, дақты сүрту керек. Кейін қағаз майлықпен сыртынан сүртіп шығу қажет. Егер дақ қатты сіңген болса, ысқыштың орнына тіс щеткасын пайдалануға болады.

Қағаз тұсқағаздардағы майлы дақтарды кетіру

Қағаз тұсқағазға түскен майлы дақтарды кетіру біршама қиын. Бұл мәселеде тіс ұнтағы қажет болады. Оны суда қаймақ консистенциясына жеткенше араластырып, майлы даққа жағу керек. 24 сағатқа қалдырып, кейін құрғақ щеткамен сүртіп тастайды. Тіс ұнтағы майды сіңіріп алады да, дақтың ізі де қалмайды.

Тіс ұнтағының орнына крахмалды да пайдалануға болады. Оны да сумен қаймақ консистенциясына дейін араластырып, даққа жағу керек. Бір тәуліктен кейін щеткамен сүртіп тастайсыз.

Жанармай да майлы дақтарды жақсы кетіреді. Ол үшін шүберектің бір шетін жанармайға сулап алып, даққа екі минуттай басып тұру қажет. Нәтижесінде май еріп, дақ кетіп қалуы тиіс. Алайда майлы дақты кетіремін деп жанармайдан қалған дақты кетіре алмай жүрмеңіз.

Бор да майды жақсы сіңіреді. Оны алдын ала үгітіп алып, даққа жағу керек. Борлы ұнтақ майды сіңіріп алған соң, оны щетка немесе құрғақ жұмсақ шүберекпен сүртіп тастау қажет.

Жарық сөндіргіштің жанында пайда болған қағаз тұсқағаздардағы майлы дақтарды қарапайым өшіргішпен де кетіріп көруге болады. Бірақ өшіруден кейін ойық қалмас үшін мұқият болыңыз.

Үтік және дәретхана қағазы да қағаз тұсқағазға жаңа түскен майлы дақты кетіруде көмектесе алады. Дәретхана қағазын кірленген жерге төсеп, сәл ысыған үтікпен басыңыз. Құрылғыны табанына саусақ тигізуге болатындай ысыту керек. Процедура кезінде май дәретхана қағазына сіңеді. Ара-арасында қағазды алмастырып отыру керек. Процедураны дақ толық кеткенше жасау қажет.

Сурет: wallpaperscraft.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina